ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАРҒА ПАНА БОЛҒАН МЕКЕН

0

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық бүгінгі күннің шындығы. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе интернет сайттарынан үнемі үйдегі зорлықтың құрбандары турасында түрлі оқиғаларды көріп, оқып, тіпті жазатайым жағдайлардың орын алып жатқаны жайында жағаңды ұстатар жаңалықтардан денең түршігетіні рас. Адам бойында мейірім мен қатар қатігездіктің де жүретіні белгілі. Ал, сол қатігездіктің салдары ауыр болып жатады. Мұндайда зардап шеккен жандарға қолдау болып, қорғап, пана болатын орындардың болғаны орынды-ақ. 

 Тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған, барар жер басар тауы қалмай, шерменде болған жандарға көмек қолын созатын Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы  2020 жылдың  19 қарашасында ашылған болатын. Аталмыш орталықтың директоры Бейсенбаева Шынаркүл Саурбайқызымен бір жылда атқарылған жұмыстардың негізі турасында сұхбаттасқан едік.

— Шынаркүл Саурбайқызы, орталыққа көмекке жүгінген жандар ға бүгінгі таңда қандай көмектер көрсетіліп жатыр, сол турасында айтып берсеңіз.

— Біздің орталық былтыр 15  төсек орындық болып ашылды. Қызмет алушыларға мұнда мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылған. Атап айтсақ, жеке жатын бөлмелер, үш мезгіл ыстық тамақ, киім-кешек, дәрі-дәрмек және тағы да басқа заттармен қамтамасыз етілген. Орталық ашылғалы жалпы 28 адамға қызмет түрлері  көрсетілді. Оның ішінде  9   әйел, 19 кәмелеттік жасқа толмаған бала бар. Бүгінде үш азаматша жеке кәсіпкерлерге жұмысқа орналастырылса, бір адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрды. Орталық мекендеушілері әрдайым медициналық бақылауда болып, білікті дәрігерлер үнемі денсаулық жағдайларын тексеріп отырады.

— Орталықта бүгінде қандай қызмет түрлері ұсынылады және қазіргі уақытта қанша адам сіздердің қамқорлықтарыңызда?

— Бізде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы «21» желтоқсандағы № 1079 бұйрығымен бекітілген «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету стандартына» сәйкес 8 бағытта қызмет түрлері көрсетіледі.  Орталықта  бүгінгі күнге жалпы қызмет алушылар  саны 14, оның ішінде 5 әйел, 9 кәмелеттік жасқа толмаған бала бар. Жолдастарынан немесе өзге де жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келген, денелерінде түрлі жарақаттары бар әйелдерді  ауруханаға апарып тексеруден өткізіп,  қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеміз және барлық қызметкерлер мен қызмет алушылардан ПТР анализдері алынып отырылады. Сонымен қатар, күнделікті жеке бас гигиенасы және бөлме тазалықтары қадағаланып, дене қызуларын және қан қысымдары өлшенеді.

— Тұрмыстық зорлыққа ұшыраған жандарға дене жарақатымен қатар психологиялық тұрғыда зор нұқсан келетіні рас. Орталықтан пана тапқан жандардың көңілін бір сәтке болса да аулайтын, сергітетін іс-шараларды жиі қолға алады екенсіздер. Сол турасында тарқатсаңыз.

— Иә, рас. Орталықта әрдайым мерекелік шараларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырсақ деген ойымыз бар. Мәселен, биылдың өзінде   Алғыс айту күніне,  Халықаралық әйелдер күніне және 22 наурыз — Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, оған қызметкерлер мен орталықта қызмет алушылар белсене қатысты. Мерекелік дастархан  жайылып, наурыз көже тараттық. Бұл игі істер алда жалғасын табатын болады.

— Қиын жағдайға тап болған жағдайда сіздерге қалай хабарласуға болады?

— Отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда: 4-54-00 телефон номері тәулік бойы жұмыс істейді және анонимді түрде  +7 707 373 18 58,  +7 778 052 16 20 сенім телефондарына  хабарласуға болады. Біз, әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз.

Сұқбатыңызға рақмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.