Қанағат сөзі Алланың нәсіп еткеніне, бергеніне шынайы разы болу дегенді білдіреді. Сонымен қатар қанағат ету адамның иелігінде бар дүниені өзіне жеткілікті етіп, жоқ нәрсені ессіз дәмеленбеу, аз болса да адал жолмен келген мүлікті арам жолмен келетін нәрседен жоғары қою деген ұғымдарды білдіреді.
Алланың бергеніне қанағат етпеу – ашкөздік пен қанағатсыздық, Алланың несібесіне разы болмау дегенді білдіреді. Осы пәни дүниеде адам баласының өзін шынайы бай санау жолдарының бірі Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) жеткізген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде көрсетілген: «…Алла Тағаланың бергеніне разы бол, сонда адамдардың ең байы сен боласың…». Демек адам баласы қолындағы бар нәрсесіне аз болсын, көп болсын, шүкір етіп, қанағат қылып, Аллаға разы болса, сонда ғана адам өзін бай сезінеді және сырт көзге де солай болып көрінеді. Мәселен, байлық деген кезде бірінші болып әдетте ақша, мал-мүлік, бағалы заттар, құнды қағаздар, қымбат металдар және тағы басқа материалдық нәрселер ойға келеді. Алайда Ислам дінінде байлық сөзінің мағыналық ауқымы өте кең. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол ұғымды мұсылмандарға жеткізу мақсатында: «Расында байлық дегеніміз – заттың көптігі емес, жанның байлығы», – деген (Бұхари). Шынында бұл өмір тіршілігінде қаншама адамды байқайсың, сырттай қарағанда кәдімгідей бай секілді болып көрінеді. Бірақ сол адамның өзі кедейліктен қорқатыны сонша, бақуатты болса да, көзі мен нәпсісі дүниеге тоймай, байлықты тоқтаусыз жинай береді.
Тағы бір хадисте қанағатсыздықтың анықтамасын тура беретін мынадай мысал келтіріледі: «Егер адам баласы бір алқап мал-мүлікке (байлық) ие болса, ол тағы да сондай алқапқа көз тігеді. Екі алқап мал-мүлкі болса, ол тағы да үшіншісін қалайды және оның көзі
топырақтан басқа ештеңеге тоймайды. Алла Тағала (болса) ақиқатында тәубе етушілердің тәубесін қабыл етеді» (Бұхари). Сондай-ақ Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз олардың кейбіріне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі – қайырлы да тұрақты», – деп («Таһа» сүресі, 131-аят), шынайы дүние тіршілігі (байлық, мал-мүлкік, ақша, дүние) Алла Тағаланың несібесі екенін білдіреді.
Алла Тағала әуелден бар болды, басқа ештеңе болмады. Адам баласын жоқтан бар етіп жаратқан – Алла Тағала. Жаратушының 99 көркем есім-сипаты бар. Сол 99 есімнің ішінде «әл-Ғани» және «әл-Муғни» деген есімдер бар. Енді осы екі есім-сипаттың мағынасына терең үңілетін болсақ, мынадай қорытынды жасауға болады. Алла Тағала – әл-Ғани, яғни есепсіз байлық иесі. Ол ешнәрсеге мұқтаж емес. Байлықты да жаратқан – Алла Тағала. Барша жаратылыс Жаратушыдан қажетін сұрайды және Оған әрдайым тәуелді. Әл-Муғни дегеніміз – Өзі жаратқанын байытушы. Өзінің қай құлын (пендесін) байытқысы келсе, шексіз ризық беріп, байытады. Сол арқылы оларды сынайды. Байлықтың барлығы Оған (Алла Тағалаға) қайтарылады. Осыдан түсінетініміз, шын бай – Алла Тағала. Ал адам баласы Алланың өзіне бергеніне қанағат ету арқылы өзін Жаратушының алдында бай санай алады.
Қазақ мәтелінде «Басты байлық – көңіл байлығы» деген сөз бар. Көңіл тоқ болса, адамның өзі де тоқ болады. Көңіл тоқтығы – жанның байлығы. Ал жан байлығы – рухани байлықта. Адам қай кезде болмасын, руханияты мол, адамгершілігі бар, Құдайдың бергеніне разы, мәдениет пен өркениетке шыңдалған, тәубешіл, шүкіршіл болуы керек. Сонда ғана ол жан байлығын сезінеді. Осы сөздерді қуаттай түсетін мына хадиске назар аударсақ: «Кімде-кім таңертең жүрегі тыныш, дені сау болып оянса және оның бір күнге жетерлік тамағы болса, демек оған бүкіл дүние байлығы берілген деп айтуға болады», – делінген (Тирмизи).
Қанағат етудің адамға берері көп. Кімде-кім шын мәнінде қанағат ете алса, келесі нәтижелерге қол жеткізе алады:
Жүрегі тыныштық тауып, Аллаға деген иманы
(тақуалығы) күшейеді;
Дүние-мүлікке деген көзқарасы өзгеріп, өмір сүруі жеңілдейді;
Нығметке бөлеуші Аллаға шүкір ете бастайды;
Қуанышқа бөленеді;
Көреаулмаушылық, қызғану сияқты күнә сипаттардан алыс болады;
Біреудің иелігіндегі дүниемүлікке дәмеленіп, соны сұрап, қорланбайды;
Түн ұйқысы тыныш болады;
Алланың ризалығына бөленеді.
Ал барына шүкір етпей, өзіндегіні азырқанып, өзгенің қолындағыға қызығу адамның бойында түрлі жүрек дертінің пайда болуына, сонымен қатар барынан айырылуына алып келеді. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боласың. Азға қанағат қылмасаң, көптен құр қаласың», – дейді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:
– Не пайда күш жоқ болса, нарлығыңнан,
Пайда жоқ, кең болмасаң, тарлығыңнан.
Көрінбеген нәрсені аламын деп,
Айырылма қолыңдағы барлығыңнан, – деп өсиет айтқан екен.
Даналардан: «Байлық деген не?» – деп сұрағанда, олар: «Аз арманың, қолда барына ризашылығың», – деп жауап берген екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өздеріңнен (байлық, атақ-мансап жағынан) төмен болғандарға (өздеріңді салыстырып) қараңдар. Өздеріңен жоғары болғандарға қарамаңдар, бұл Алланың берген нығметін азсынбауға көмектеседі», – деген (Бұхари, Мүслим). Осы сөзді жадымызда ұстайық!
Берікбол ЖАНАҚ, ҚМДБ Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі