Ауыл-аймақты дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру Мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттердің бірі. Осыған сәйкес, елімізде мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірлерді өркендетудің тың бастамалары қолға алынып, ауылдар жыл санап өркендеуде. Солардың бірі – Қордай ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылы.
«Қазақтың шығу тегі – ауыл» деген сөзі бар. Бүгінде өркендеп, дамып келе жатқан ауылдар аз емес. Ауыл – тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Сондықтан да болар «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең шумақтары санамызда жаңғырып тұрады. Үлкен Сұлутөр елдімекені аудан орталығынан 85 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл іргесі 1920 жылы қой өсіретін ұжымшарды ұйымдастыруға байланысты қаланды. Берілген мәлімет бойынша ауылдық округке қарасты бір білім ошағы бар. Бұдан бөлек, ауылда бөбектерге тәлім-тәрбие беруде 1 бірлік балабақша және медициналық пункт жұмыс істейді. Өркениеттің бір белгісі дамыған инфрақұрылым екені даусыз. Жол, ауыз су, газбен қамту, электр желісін тарту – ауылдың өркендеу жолында жүктелген үлкен жауапкершілік. Аталмыш елдімекенді газдандыру жобасы іске асырылып 172 аула көгілдір отынмен қамтылған болатын. Жалпы 340 отбасы түтінін түтетіп отырған Үлкен Сұлутөр ауылы бүгінде даму жолына ілескен. Елді мекенде инфрақұрылымнан өзге, әлеуметтік нысанның күрмеуі де шешіліп келеді. Осыған байланысты газетіміздің өткен шығарылымдарының бірінде округте бастау алған қос бірдей қуанышты жаңалықпен бөліскен едік. Онда аталған ауылда тәулігіне қырық бес адамды қабылдай алатын дәрігерлік амбулатория мен ауылдық тоқсан орындық мәдениет үйі құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы айтылған еді. Ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ уақтылы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыруды көздеген нысан, ұлттық дәстүрді дамыту, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байытуды мақсат тұтқан жобалар ағымдағы жылы жоспарға сай қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Еске сала кетейік, аудан басшысы Бегзат Болатбеков Үлкен Сұлутөр ауылына арнайы ат басын бұрып, тұрғындармен кездескенде жергілікті халық бірқатар мәселелерді көтерген. Ол мәселелердің негізгілерінің бірі – спорттық сауықтыру кешенінің қажеттілігі. Тиісінше халық өтінішін назарға алған аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар жедел қолға алынатынын жеткізген болатын. Айта кетейік, «Қаратау құрылыс – 2030» мердігерлік мекемесіне тапсырылған спорт кешенінің құрылысы сәуір айының соңында қолға алынбақ. Әзірге жерді тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Адамның жаны туған жерімен тамырлас. Қанша қашықта жүрсең де, ауылға бүйрек бұрып тұрады. Міне, сол ел бесігін ескіртпей, жаңартып, жаңғыртып, ажарына ажар қосуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалардың алда берері мол екенін ешкім жоққа шығармас.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ