Соңғы кездері қолы қалт еткен еліміздің әрбір азаматы табиғат аясын тамашалап, жаңға сая, дертке дауа болатын тұмса мекен іздеуге әуестеніп келеді. Осы орайда таңғажайып табиғатымен талайды тамсандырып, кімнің де болсын қызығушылығын тудырған ауданымыздың аумағындағы Қарақоңыз шатқалы жайында сөз қозғағанды жөн көрдік.
Жалпы аумағы 13 мың 384 гектарды алып жатқан «Қарақоңыз» орман шаруашылығы Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қарақоңыз ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарайды. Батысында Қарасу мен Сұлутөр ауылдық округтері, солтүстігінде Алматы облысы, шығысында Қырғызстан Республикасының жерлерімен шектескен табиғи аумақтың аспанмен таласқан таулары мен жазық даласы, тау бұлақтарынан бастау алған өзені мен айдын көлі, жайқалған орманы мен тоғаны, елімізде сирек кездесетін өсімдіктері мен сан мыңдаған жануарлары бар.
Қысқасы, аудан орталығынан алпыс шақырым жердегі бұл мекеннің ауасы саф, сары алтынға бергісіз табиғаты тамаша. Әрбір бұрышы жасыл желекке оранған. Осындағы сарқыраған Қарақоңыз өзенінің бойымен жүрсеңіз құдды бір өзге әлемге түскендей күйге бөленесің. Бұл аймақтың 6000 гектардан астамын ну орман алып жатыр. Онда орман алмасы, өрік, жаңғақ, долана, арша, қарағай, қайың, қарағаш сынды ағаштардың 20 түрі, өсімдіктердің 50 түрі өседі. Орман шаруашылығы мамандарының айтуынша, мұнда екі жүзден астам елік, екі мыңдай кекілік, бес жүзден аса қырғауыл, жүзге тарта қабан, қасқыр, сілеусін, түлкі, шибөрі, тіпті Қызыл кітапқа енген «Грейг қызғалдағы», тек тасқа бітетін «Кавказ каркасы» мен таулы аймақта өсетін «Сиверс алмасы» тіркелген.
Сонымен қатар, шаруашылықтың меншігінде бірнеше маман күтіміне бекітілген 3070 гектар арнайы ботаникалық бағы бар. Мұндағы жұмыстар жүйелі түрде алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Мысалы, мамандар жыл басында межелеген орман өсіру, яғни жасыл желек санын көбейту мақсатындағы жұмыстар аясында 0,2 гектар аумаққа 6500 дана қылқан жапырақты ағаштар мен 1000 түп туя көшеттерін отырғызса, 1 гектар жерге қарағаш тұқымы себілген. Мекеме қызметкерлері аталмыш екпебақты өз күшімен қоршап, жасыл желекті суғаруға арнайы тоған қазыпты. Осы орайда тәлімбақтарды күтіп-ұстау, суғару жұмыстарына халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген әлеуметтік қызметкерлер де көмек көрсетіп отыратынын айта кеткен жөн.
Жалпы, аталмыш қаумал табиғат ерекшеліктеріне байланысты «Шығыс» және «Батыс» орманшылығы болып екіге бөлінеді. Әр орманшылықтың өзіне тән аумағы, өрт сөндіру бөлімі мен көлігі, орманшыларға арналған үйлері және әрқайсысында алты-алтыдан орманшы-қорықшысы бар. Мұнда олар қаумалдың қауіпсіздігін күзетіп, осында мекендейтін жан-жануарлардың жем-шөбін дайындайды. Осы орайда орманшы-қорықшылардың қызығы мен шығы мол қызметі және шаруашылықтың жалпы жұмысы жайында бізге «Қарақоңыз» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Жазылбек Оңғар кеңінен баяндап берді.
«Мекеменің аты айтып тұрғандай біздің жұмысымыздың басты бағыты орманды қорғау, күзету, ондағы жасыл желекті көбейтіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Бұл үшін мекемеге басшылық тарапынан қажетті мөлшерде жанармай бөлініп, мамандар жол талғамайтын көлік, өрт сөндіру көлігі, қажетті құрал-сайман, арнайы рация және GPS трекерлермен жабдықталған. Сондай-ақ, орманды қорғау, күзету, орман өртінің алдын алуға бағытталған рейдтік шаралар үнемі ұйымдастырылып тұрады. Бұл мақсатта құрамында 12 қызметкері бар арнайы өрт сөндіру бөлімі құрылып, орманшылықтың №9 және №10 айналымдарында күнделікті кезекшілік жүргізілетін бақылау мұнаралары орнатылған. Өрттің алдын алу мақсатында 80 шақырымдық қорғаныс жолақтары жыртылып, қауіпсіздік шараларын қамтитын ақпараттық материалдар ілінген. Сонымен қатар, жыл басынан орман қорықшылары әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 18 хаттама толтырды», — деп сөзін бастаған мекеме басшысы ұйымда қызмет ететін тәжірибелі мамандарға тоқталып өтті.
Тарқата айтсақ, орманшылықта жұмыс өтілі отыз жылдан асатын бас орманшы Сапар Локияев (суретте), орман қорғау инженері Сағынбек Байбосынов және «Батыс» орманшылығының орманшысы Таласбек Тұрғымбаев сынды тәжірибелі қызметкерлермен қатар, жас та болса бас бола білген директордың орынбасары Закир Юбуров, орман патологы Ерлан Орумбаев сынды білікті мамандар қызмет атқарады.
«Мекемеде бас-аяғы 47 маман жұмыс істейді. Олардың ішінде бас орманшы, орманшы патолог, орман қорғау инженері, орманшы-қорықшы және аңшылықтанушы мамандықтарын игерген азаматтар бар. Орманшылардың мұндағы басты міндеті орманды, өсімдіктерді, жан-жануарларды күзету және түрлі қауіптен қорғау болып табылады. Меніңше әріптестеріміз бұл мойынға артылған міндеті лайықты деңгейде атқарып келеді. Өйткені, олардың барлығы осы өңірдің «елім, жерім» деген тумалары», — дейді Е.Орумбаев.
Қорыта айтқанда, жер жәннатын еске салатын «Қарақоңыз» орман шаруашылығы табиғат қорғау аймағына жатады. Сол себепті бұл аймақтың өзіңдік заңдылығы, өзіндік тәртібі бар. Демек, мұнда от жағуға, отын және дәрілік зат жинауға, балық және аң аулауға, қоқыс тастауға тыйым салынады!
Әлібек ОСПАНОВ