Қара шаңырақ қазақ халқы үшін ерекше қасиетті ұғым. Ол сонымен бірге ұлттық құндылығымызда. Талай ғасырлардан бері ерекше қастерленіп келе жатқан қара шаңырақ ұғымының мәні неде? Оны біздің бүгінгі ұрпақ дұрыс бағалап келе жатыр ма? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітер болсақ, біраз әңгімелер айтуға болады.
Ұлы бабаларымыз қаншама ғасырлардан бері көшпелі тұрмыс арқылы ата қоныстарын тастамай мекендеп, жаз жайлауда, қыс қыстауда өмір кешіп, көшіп-қонып келгені бәрімізге аян. Сөйтіп, аттың жалында, түйенің қомында жүрсе де өздерінен тараған ұрпақтарын өсіріп, өндіріп, ер жеткендерін үйлендіріп, еншісін бөліп өз алдына отау етіп шығарып отырған. Егер де отбасында бес ұл баласы болса, алғашқы төрт ұлын үйлендіріп, соңғысын қара шаңырақта яғни ата-ана қолында қалатын етіп алып қалып отырған. Яғни, сол әулеттің өсіп-өнген үйі алдыңғы өз алдына үй болып кеткен төрт ағайындының өсіп шыққан қара шаңырағы болып саналған. Бұрыннан келе жатқан ата-бабалар салты бойынша олар әулеттің қара шаңырағын ерекше құрметтеп, қадір тұтқан. Бізге дейінгі салынған дәстүр бойынша әр әулет өз қара шаңырақтарын қастерлеп, көбіне қасиетті жұма күндері, ораза айт, құрбан айт немесе басқа да айтулы күндері ешқандай шақыруды күтпестен өз қара шаңырақтарына жиналып, құран оқып, басқа да игілікті мәселелерді талқылап, бата жасап, қариялардың әңгімелері мен өсиеттерін тыңдап тараған екен. Осындай бірлік пен татулық біздің әкелеріміздің де басынан өткендігін біз бүгінге дейін ұмытар емеспіз.
Өкінішке орай, жазылмаған заңдай болған аталардан келе жатқан сол дәстүр бүгінгі күндері әлсіреп, көптеген қазақ отбасында сақталмай келеді. Біздің аталарымыз қара шаңырақ үйді «үлкен үй» деп атап, ол үйді ұстап отырған қайны-келіндерімен жақсы мәміледе қарым-қатынаста болғандарын көзіміз көрген. Тиісінше қара шаңырақты ұстап отырған адамдар да кең пейілді, ашық мінезді, ағайын арасында қадірі бар, өздері де ел-жұртының, ағайынының қадірін білетін жандар болған. Яғни, қара шаңырақ иесі ағайынының ұйымдастырушысы һәм ұйытқысы болып саналған. Өмірде не болмайды, қара шаңырақ иесі оқыста қайтыс болып кетсе, немесе елге сиы жоқ, өзі де ағайын қадірін білмейтін адам болса, онда ағайындар өзара келісе отырып өз араларынан лайықты адамды қара шаңырақ иесі етіп белгілеген. Бұл бұрыннан келе жатқан тәртіп екен. Енді бүгінгі күндергі қара шаңырақтық ұстаным мен тәртібіне үңілейік.
Мынау заманның ғылым мен техникаға ілесіп шарықтаған кезеңінде қара шаңырақтың рөлі біршама бәсеңдеді. Қара шаңырақты бұрынғыдай пір тұтатын әжелер мен кексе, жасамыс әйелдер жоқтың қасы. Ондай адамдар болмаған соң күнделікті өмірде қара шаңырақ туралы әңгіме айтылып, оны құрмет тұтып жатпаған, ол туралы құлақтары ештеңе естіп, білмеген кейінгі ұл-қыздар мен келіндер оны қайдан білсін. Ауылда туып-өсіп, кейінгі оқумен қызмет қуып алыс шаһарларды мекен етіп кеткен, қара шаңырақтың өз талабы мен тәртібі бар екендігінен бейхабар әлдекімдер «мен пәленбайдың кенжесімін, яғни мен қара шаңырақ иесімін», дейді көп мәселеге мән берместен. Ол шындығында олай емес. Қазіргі қазақтар бұдан жүз жылдан астам бұрынғы көшпелі қазақтар емес. Елдің бәрі заман құбылысына қарай түбегейлі отырықшылыққа ауысқалы қашан. Яғни, бүгіндегі барлығымыздың әкелеріміз, кейіннен өзіміз де ауылды жерден ақ шаңқан үйлер салып, сол жерде өмір кештік. Яғни, әкелеріміздің және кейіннен өзіміздің салған үйлеріміз біздің маңдай терімізбен салынған нақты мекендеріміз. Олай болса сол үйлер біздің ата-аналарымыздың, өзіміз салған үй өз балаларымыз үшін өзіміздің иісіміз бен еңбегіміз сіңіп, ізіміз қалған шаңырақтарымыз. Ол үйлерден ата-аналарының кеткеніндей, қайтпас сапарға біз кеткенде оған қай бала ие болып, күтіп-баптап отырса сол бала оның кенже немесе басқа екеніне қарамастан, қара шаңырақ иесі болып табылады. Меніңше, бұған ешкімнің таласы жоқ.
Ал, әке-шеше шаңырағы айдалада қалып, өзі оған бәлен уақытта бір соқпай, ағайындармен үш-төрт жылда алыстан амандасып жүргендер тұлыпқа мөңіреген бұзауға ұқсап «мен қара шаңырақ иесімін» деуі еш қисынға келмейді. Бұған қосымша мынаны да айта кетуді жөн көрдім. Кеңес үкіметі ыдырап, туған ауылдарын, яғни, ата қоныстары мен ата мекендерін тастап қалаға қашқанардың да жағдайларының мәз болғандары шамалы. Әрине, ол кезде түрлі қызметтерге жолдамамен кеткендер болса ол басқа әңгіме. Ауылда қалған үйлердің есіктерінде қара құлпы, бара-бара есік-терезелері жұлынған үйлердің аңғал-саңғал сұрын көре отырып, «бұл менің қара шаңырағым» деп айтуға қалай дәті барады. Ал ондай дала-дала болып тұрған «қара шаңырақ» үйлер әр ауылдан-ақ табылады.
Жарайды, ауылда жұмыс жоқ дегенді сылтау етіп, қалаға жастар көшіп кетті дейік. Ал, жастары келіп, жасамыс болып, сол ауылдарға жастығын да, жігерін де беріп, зейнетке шығып, ел ағасы, ел қариясы болғандардың да үдере көшіп не әкелерінің, не өздерінің салған үйлерін тастап кеткендеріне не дерсің. Бірде аудан орталығынан 30-40 шақырымдағы бір ауылға барып, сол ауылдың бір-екі байырғы қарияларымен әңгімелескенімізде бос тұрған 5-6 үйді меңзеп көрсетіп, «осы үйлерді иелері тастап, көшіп кетті. Үйлер жетімсіреп тұр. Обал болды» десе, екінші қария «Үйлерге обал болғаннан бұрын осы үйлердің киесі иелеріне де тиіп кетті. Кейбірі барған жерлерінде аурушаң болса, енді бір-екеуі өмірден өтіп кетпеді ме» — деген еді. Осыларды естіп, көріп, біліп жүріп қасиетті қара шаңырақтың киесіне бас имеске, қадіріне тіреу болмасқа, әр нәрсені сылтау етіп ата қонысыңды тастап қашудың соңы өкінішке соғатынына еріксіз көзің жетеді. Сөз соңында айтарымыз, қасиетті қара шаңырақтың киесі мен құдіретін терең түсініп, оны жүрегіңмен мойындамастан бұрын, оның атағына ұмтылып, «мен қара шаңырақтың иесімен» деп даурықпастан оның талаптарын орындап, өз ағайындарың мен жақындарыңның арасында бірлігін сақтап, өзіңнің тәлімің мен тәрбиең арқылы өнеге көрсетсең.
Қасиетіңнен айналайын қара шаңырақ, сенің құдіретің мен киеңнің арқасында қаншама ұрпақ көктеп, өсіп, қаншама ғасырлар бойы талай зұлмат пен қатерлерді қақ жарып келеді. Өзіңді әлі де болса ардақтап, қадірлеп, киеңді көтере білетін азаматтар табылар деп сенеміз.
Әбдібек СЕЙІЛХАНҰЛЫ, Қордай ауданының Құрметті азаматы