Ауыл тұрғындарының тіршілігіне үңіліп, онда орын алған азды-көпті өзгерісті оқырман назарына ұсынуда «Ауыл тынысы» айдарының алар орны ерекше. Қалыптасқан игі дәстүрді әрі қарай жалғастырмақ ниетте күні кеше Қаракемер ауылына жол тартып, ауыл тұрғындарымен тілдесіп қайттық.
Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл. Осындай айтулы күнге қаракемерліктер жоғары жетістіктермен жетті деуге толық негіз бар. Ауыл табаны күректей тәуелсіздіктің отыз жылында жан баласы танымастай көркейіп, гүлденді. Санаулы жылда ауылда атқарылған ауқымды істердің өзі бір төбе. Мұнда заман талабына сай мектеп, бірнеше балабақша, зәулім спорт кешені, су жаңа дәрігерлік амбулатория, алыстан көз тартатын мешіт және жақында жөндеуден өткен саябақ бар. Өткен жылы жаңа футбол алаңы мен «стритворкаут» алаңшасы бой көтерсе, бүгінде 600-ге шақты аулаға су және газ құбыры тартылуда. Ауылдағы көшелер асфальтталып, тротуар да төселген. Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасында деп біледі тұрғындар.
Ауылдың мәдени өмірі де жанданып келеді. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға барлық жағдай жасалған. Мәселен, ауылдық мәдениет үйінде балаларға арналған 5 үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерде жүз шақты бала оқыса, ұлттық құндылықты дәріптейтін домбыра үйірмесінде 40 оқушы бар. Балалардың жағдайы мен жетіп жатқан жетістіктері жайлы бізге мекеме меңгерушісі Эльмира Жүнісова толығымен баяндап берді.
— Күлімхан Мамажанова жетекшілік ететін домбыра үйірмесін ерекше атап өткім келеді. Білікті оқытушы балалардың ұлттық аспапқа деген махабатын оята білді. Балалар күй тартып, сахналарда өнерін көрсетуде алдына жан салмайды. Былтыр оның шәкірттері республикалық жарыста 2-орын алды. «Жарқын болашақ» өнер орталығының «Жарқын жұлдыз» атты балалар байқауында «аспапта ойнау» жанрында өзіміздің «Нұр» домбырашылар ансамблі гран-при жеңіп алды. Биші қыздарымыз да өз шеберліктерін көрсетіп, «Нәз» би тобы 1-орынды қанжығасына байлады. Осының барлығы балалардың өнерге деген құлшынысын арттыра түсті. Жалпы, балаларымыз өте өнерлі деп есептеймін, — дейді Эльмира Жүнісова.
Өнерлі демекші, әжелерімізден мұра етіп қалған құрақ құрауды жалғастырып, тіпті табыс көзіне айналдыра білген жандар да ауылда жетерлік. Мысалы, ауыл тұрғыны Роза Әбдіқалықова құрақ құрау, одан көздің жауын алатындай бұйымдарды жасаудың шебері. Екі баланың анасы бұл іске алғашында ермек ретінде қараса, кейіннен құрақ құраудан табыс таба бастапты. Оның айтуынша зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Ол арқылы халқымыздың бай дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың.
— Құрақ көрпе – төрге төсейтін көрпе. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені құрақ немесе құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған «қасиетті орын» санаған. Құрақ көрпені арасына мақта немесе қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тігеді. Маған тұрмысқа шығатын қыздарға «қыз жасауын» жасап беруді сұрайды. Жалпы, бір жиынтықта 6 төр көрпе, 2 бөстек, 6 жамылатын көрпе, ет көрпе, тағы басқасы бар. Матасы, көрпелердің саны және де сәні тапсырыс берушінің талғамына байланысты. Осылайша, бір жиынтықтың бағасы 150 мыңға дейін жетеді, — дейді ісмер әйел.
Ауыл дегенде тұрғындардың басты табыс көзі – ауыл шаруашылығы жайында айтпасқа болмас. Округте жалпы 70 шаруа қожалығы тіркелген. 31133 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің 281,6 гектары суармалы, 3946 гектары тәлімі, 915 гектар шабындық және 29308 гектары жайылым жерлер. Былтыр егістік алқабы 3433 гектарды құрады. Десе де шаруалардың басым бөлігі мал шаруашылығына көбірек көңіл бөледі. Жалпы округте 4770 ірі қара, 34490 ұсақ мал және 2288 бас жылқы тіркелген. Әсіресе, ірі қараны бордақылау жұмысы дұрыс жолға қойылған. Биыл аймақта ет өнімінің көлемін артыру жоспарланған. Осы салада еңбек етіп жүрген азаматтың бірі – Айдын Бексалиев.
— Мал шаруашылығы біздің басты табыс көзіміз. Өзім басқаратын «Майтөбе» шаруа қожалығында 80 гектар егістік жер бар. Егістікке арпа-бидай, көпжылдық шөп егеміз. Бұл қорадағы 150 бас ірі қараға арналған жем-шөп. Күн жылысымен жұмыстар басталып кетті, — дейді шаруа.
Қаракемер дегенде көпшілік қайырымды істер жайлы жиі естіп жатады. Иә, ауылдың дәулетті азаматтары жомарттығымен танымал. Жесірін жылатпай, қарияларды қадірлеп, аналарды ардақтайтын қайырымдылыққа жаны жақын жандардың көмегімен ауылда бірқатар әлеуметтік мәселе шешіліп келеді. Олардың арасынан әсіресе, ауылдан шыққан азамат Қ.Молдасейітовтың есімі көпке мәлім. Меценаттың демеушілігімен осыған дейін ауылда заманауи спорт кешені, амбулатория, балабақша, мешіт сынды ірі нысандар салынғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, ауылдың «Атымтай» жомарттары екі көше тұрғындарының газға қосылу ақысын төлеп бергені мәлім болды. Нағыз бауырмашылық, ұлтжандылық, ауылдың ауызбіршілігі деген осы болса керек.
Қаракемер – нағыз қазақи ауыл. «Тіптен, мұнда көшіп келген өзге ұлт өкілдері де қазақи болып кетеді», — дейді Вера Билеевич. Жиырма жасында осы ауылға келін болып келген Вера Вячеславовна бүгінде бір отбасының өнегелі анасы. Қазақша сөйлеуден кейбір қазақтардан асып түспесе, еш қалыспайды. Екі баланың анасы ауыл дүкенінде сатушы болып істейді.
Қысқасы, Қаракемер ауылындағы өмір ағымы осындай. Ауыл әкімдігі мамандарының айтуынша, ауылды көркейту бағытында биыл да үлкен жұмыстар атқарылмақ. Осындай игі үрдіс тоқталмаса дейміз.
Еркін Қатбеков