Таяуда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аймақтарын қамтыған нағыз халықтық қозғалысқа айналды. 2024 жылы акция бұдан да ауқымды және көп қырлы бола отырып, жаңа серпін алды. Облыстық әкімдік мәліметінше, өңірімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 137,5 мың аула және 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 30 мыңнан астам тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 1 104 бірлік техника тартылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Сенбіліктерге жамбылдықтар белсенді атсалысып келеді. Жауапкершілікпен қарап, үлгілі еңбек еткендер аз емес. Олар басқаларға өнеге болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан тазалық жұмыстарын жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз маңызды», — деген Ербол Шырақпайұлы «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарына марапаттар табыстады. Ауылдар арасындағы бәсекенің қорытындысы бойынша 8 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа (I орын — 50 млн теңге, II орын — 25 млн теңге, III орын — 10 млн теңгеге) ие болды. Атап айтқанда, Қаракемер (Қордай), Көктал (Талас), Игілік (Сарысу), Аспара (Меркі), Гродекова (Жамбыл) ауылдары үшінші орынға жайғасты. Қайрат (Жуалы) және Ақыртөбе (Т.Рысқұлов) ауылы екінші орынды еншіледі. Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылы жеңіс тұғырынан көрініп, «Үлгілі ауыл» атанды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейін арттыруға және азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тартуға бағытталған. Ол еліміздің барлық өңірін қамтып, тұрақты экологиялық болашақ негізін қалады. Экологиялық акцияға мемлекеттік құрылымдар, еріктілер мен жеке ұйымдар, жұртшылық белсенді атсалысты.