ҚАРАКЕМЕРДЕГІ КЕЗДЕСУ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тұрғындармен кездесуі 18 қаңтарда Қаракемер ауылдық округінде жалғасты. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына еніп, кәсіпкерлер санын арттырған ауылда биылғы жылы да бірқатар жұмыстар қолға алынбақ.

Ауыл мектебінде өткен кездесуде алдымен округ әкімі Рашид Алыбаев бір жыл бойы атқарған жұмыстары жайында есеп берді. Баяндамада айтылғандай 4015 тұрғыны бар округте 200 кәсіпкер тіркелген, шаруа қожалықтар саны 70 құраса,  экономикалық белсенді тұрғындар саны – 1724. 2023 жылы Қаракемер ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы 908,8 млн. теңге көлемінде ауыл тұрғындары 2,5%-бен несие алды. Қазіргі таңда Қаракемерде 128 тұрғынға несие мақұлданып, шоттарына жалпысы 805,980 млн теңге аударылған. Нақты айтқанда 93 ауыл тұрғыны жалпы құны 443,3 млн. теңгеге мал сатып алған. Сонымен қатар ауылдық округте  жоба аясында «Қаракемер Агро 2023» кооперативі құрылып, қажетті техникалар сатып алған.

Баяндамадан кейін кезек сұрақ-жауапқа беріліп, ауыл тұрғыны Санатбай Әлиев сөз алып, жалпы округ бойынша бірқатар проблемалық сұрақтарды көтерді. Олардың қатарында Керу ауылына баратын жолды жөндеуден өткізу, жайлаудағы жолдардың жайы болды.

-Мал жаюдан бастап, шөп дайындау жұмыстары Керу ауылы маңынан да өтеді. Ол жерге апаратын жол шұғыл жөндеуді қажет етеді,— дейді ақсақал. Сондай-ақ, ол  мамандардың ауыл халқымен жиі кездесу өткізіп, түрлі мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік беру қажеттігін де алға тартты.

Осыған байланысты аудан әкімі коммуналдық шаруашылық бөліміне әр ауылдық округтегі жайлауларға апаратын жолдарды тегістеуге арнайы техникамен шығуға  тапсырма берді.

– Жолды күрделі немесе орташа жөндеу үшін халық саны ескерілетінін ұмытпауымыз қажет. Сол себепті де Керуге баратын жолды толыққанды жөндеуге қаржы бөле алмаймыз. Ал, басқа да жұмыстарды қолдан келгенше жасайтын боламыз,- деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Жиын барысында қаракемерліктер ауыз суға төлемнің қымбаттығын алға тартты. Ол бойынша «Қордай су» мекемесі басшылығы жауап беріп, әр абонент бойынша жеке тексеру жүргізетін болып шешті.

Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар қатарында ауылдар арасында қоғамдық көлік ұйымдастыру, банкомат орнату жайын да көтерді. Бұл бойынша аудан әкімі жауапты мамандарға тапсырма беріп, тұрғындар тілегін қанағаттандыру үшін жұмысты жедел қолға алу қажеттігін айтты.

-Жалпы ауданымызда 41 елді мекен бар. Онда да өздеріңіз сияқты қаракөздер отыр. Барлығына да біз жайлы жағдай жасауымыз қажет. Дейтұрғанымен, биыл Қаракемер ауылында бірқатар жұмыстар, жобалар қолға алынбақ. Солар туралы айта кетсек. Мәселен, 2023 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда 300 оқушыға арналған мектеп құрылысы басталды. Бұл жаңа жоба болғандықтан онда заманауи дүниелер өте көп. Сонымен қатар, Қаракемер ауылы жанындағы зиратты қоршауға бюджеттен қаржы бөлінді. Керуге газ тарту үшін де қаржы қарастырылып отыр, — деді Бегзат Болатбеков.

Жалпы жиын барысында ауыл тұрғындары негізінен жеке бастың емес, жалпы ауылдың күйін айтып, жайлы орта қалыптастыру үшін қажетті шараларды аудан әкіміне жеткізді. Олардың барлығы аудан басшысы назарына алынды.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.