Бұқаралық спортқа көңіл бөлу, әсіресе балаларға спортпен шұғылдануға жағдай жасау, шалғай ауылдарда спорт нысандарын салу – осының барлығы Президентіміз Қ.Тоқаевтың бастамасымен 2020-2025 жылдарға арналған бұқаралық спортты дамытудың кешенді бағдарламасында айқын көрсетілген. Иә, бұл бағытта ауданымызда ауыз толтырып айтатындай тірліктер жасалған. Жаңа спорт нысандары бой көтеріп, ауылдағы балақай емін-еркін спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Десе де құрылысы аяқталмай, сын садағына ілінген спорт кешені бар. Бүгінгі мақала жұртшылық зарыға күтіп жүрген Қарасай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені жайында болмақ. Құрылыс сапасы сын көтермейтін нысан «сақалды» құрылысқа айналып үлгерген. Ауыл тұрғындары дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің салынуын әлі күнге дейін күтуге мәжбүр. Бас мердігер «ӘділҚұрылыс и К» ЖШС өкілдері осыған дейін «міне бітеді» деп уәде беріп келді. Спорт кешенінің құрылысына қажетті келісімшарт 2021 жылы жасалған. Жоспарға сәйкес, құрылыс келесі жылы-ақ пайдалануға берілуі тиіс еді. Оның құрылысына бөлінген қаражат та қомақты. Алайда, спорттық секциялары мен үйірмелерге баруды армандаған қарасайлықтар сол күткеннен мол күтті. Тіпті, құрылысы ұзағынан созылған жағдайға сот араласып, бөлінген қаражатты қайтару бойынша жұмыстар басталып кетті.
Нақтырақ айтсақ, 2023 жылдың тамыз айында әкімдік тарпынан мердігерге нысандарды салуға арналған шарттарды бұзу туралы, алдын ала төлемді қайтару туралы, 2021-2022 жж. және тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) алу туралы талап арыз Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа берілді. Нәтижесінде сот жауапкер «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС-не аванстық төлемдерді, тұрақсыздық айыппұлын өндіру және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп айып тақты. Осылайша, бас мердігер тарапынан мемлекет бюджетіне жалпы 56410603,7 теңге аванстық төлемдерді қайтару және де 2945059 теңге тұрақсыздық айыбы, 1780670 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілу туралы шешім шығарылды.
Сонымен арада үш жыл өтсе де спорт нысанының аяқталатын түрі жоқ. Созылған құрылыс тезірек аяқталып, ауылдағы балақайлар бос уақытын далада емес, спорт кешенінің ішінде өткізетін таңнын атуы алыс емес екеніне сенім білдірмекпіз.