ҚАРАСАЙДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС

0

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі бастау алды. Осыған орай аудан әкімі Бегзат Болатбеков 18 қаңтарда Қарасай ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесті.

Соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыда көш ілгері жылжыған округте ауыз толтырып айтарлықтай толымды істер бар. Жаңадан қолға алып жатқан жобалар да ауқымды. Аудан басшысы алдымен осындай үлкен жоба барысымен танысты. Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында қазір ауыз су тарту мен су құбыры желісінің құрылысы басталған. Ауқымды жұмыс аяқталған жағдайда ауыл халқы сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Тереңнен суды бұрғылау, бүгінгі таңдағы жұмыс барысы турасында мамандармен сөйлескен аудан басшысы бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.

Осыдан кейін Қарасай ауылына барып, онда бой көтеріп жатқан 180 орындық мәдениет үйі құрылысын көрді. «Центр Снаб Сервис» ЖШС қолға алған құрылыс қарқыны жаман емес. Қабырғалары бой көтеріп, өзге де жұмыстары жүруде. Мұндағы жалпы жұмыс турасында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов пен құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеевтер түсініктеме берді. Заманауи мәдениет үйінде қызметкерлерге және ауыл халқына қажетті мәдени шараларды өткізуге барлық мүмкіндіктер жасалмақ. Мұнда сапа мен мерзімге мән беріп, құрылыс талаптарына талғаммен қарау қажеттігін баса айтты аудан басшысы.

Нысандарды аралап болған соң аудан әкімі ауылдық мектептің акт залында тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар турасында жерлестері алдында ауыл әкімі Күлжахан Елемесова есеп берді. 2023 жылы «Үздік ауыл әкімі» атанған Күлжахан Алмасқызы жалпы баяндамаға көшпей негізгі атқарылған істері турасында баян етті.

Осыдан соң аудан басшысы биылғы жылы Қарасай ауылдық округінде қолға алынатын жұмыстарды жіпке тізді. Олардың қатарында округтің «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына енуі ауыл азаматтары үшін жағымды жаңалық болды. 2,5 пайызбен тұрғындар тұрмысын арттыруға бес бағыт бойынша несие беретін бағдарламаның артықшылығы көп. Ауданымыздың бірқатар округтерінде табысты іске асқан бағдарламадағы бірқатар өзгерістер бойынша аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов ақпарат берді.

Тұрғындар тарапынан аудан әкіміне осы күні қойылған сұрақтар тізбегі аз болмады. Әсіресе, ауыл үлкендері, шаруа қожалық басшылары белсенділік танытты. Сұрақтар негізінен суармалы су, ұялы байланыс пен интернет, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және т.б төңірегінде өрбіді.

Әрқайсысына жекелей жауап берген аудан басшысы кейбір мәселелер бойынша жауапты мамандарға сол жерде тапсырмалар жүктеді.

-Биыл ауылда жаңа 180 орындық мәдениет үйі бой көтеруде. Еңбекте ауыз су жүйесі тартылуда. Бұл ауылды мемлекеттік қолдаудың бір көрсеткіші. Ал, құрылысы тоқтап тұрған спорт кешені бойынша айтар болсам, біз мердігермен жұмысты тоқтаттық, қаржы мемлекетке қайтты. Ал, ары қарайғы құрылыс жұмысымен өзіміз айналысатын боламыз. Ол да көп ұзамай пайдалануға беріледі. Суармалы суға келсек, былтыр құрғақшылыққа байланысты ауданымызда жүздеген шаруалар шығынға ұшырады. Олардың барлығына дерлік мемлекет тарапынан шығын төленіп берілді. Қазіргі мақсат соның алдын алып, жүйелі жұмыстар жүргізу, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Сондай-ақ, аудан басшысы биыл округте мәдениет үйінен басқа да іргелі жобалар қолға алынғалы отырғанын жеткізді. Оған бюджеттен қомақты қаржы да бөлінген. Мәселен,  Қарасай мен Еңбекте балалар ойын алаңшасы салынбақ, сонымен бірге Еңбектегі бұрынғы ойын алаңшасы жөндеуден өтеді. Қарасай, Еңбек ауылдарына тартылатын газ құбырының құрылысы да аяқталуға жақын.

-Сіздерге газ 120 шақырым жерден келіп жатыр. Ол оңай жұмыс емес. Мемлекет ауыл іргесіне дейін газды жеткізіп береді. Ал, ары қарай әр үйге тарту сіздермен келісім шарт арқылы өзге адамдар жасайтын болады. Сомасы сол жерде айтылады, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Жалпы жиын барысында ауылда дәріхана ашу, Еңбек пен Қарасай арасын жалғайтын жолдың құрылысын соңына жеткізу, Қарасай мен Қаракемер ауылдарын жалғайтын жолды кеңейту сынды сұрақтар қойылды. Олардың барлығына да аудан әкімі тарапынан тұшымды жауаптар берілді.

Сондай-ақ, аудан басшысы үй-жайларын кепілге қойып, мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алам деушілерге үй құжатын реттеуге құқықтық көмек беруге де уәде етіп, бірқатар мамандарға тізім жасауға тапсырма берді.

-Негізгі мақсат ауылда кәсіпкерлікті дамыту, халық тұрмысын жақсарту. Осы жұмыстарды атқару үшін біз өз тарапымыздан қолдан келгенше барлық көмекті көрсететін боламыз, — деді Бегзат Болатбеков.

Кездесу барысында ауылдық ардагерлер кеңесі мүшелері ауылдағы түйткілді мәселелер туралы жазылған хатты аудан басшысының қолына табыс етті.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.