Қарасайлық өнерпаздар

0

Жыл басынан бері ауылдық округтер арасында «Қордайым – құт мекенім» атты өнер фестивалі ұйымдастырылып келеді.

Әр ауылдың таңдаулы өнерпаздары өздерін сан қырынан танытқан шара бейсенбі күні Қарасай батыр ауылының ұйымдастыруымен жалғасын тапты. Шара барысында саябақ ауласында қос киіз үй тігіліп, қатысушылар арнайы әзірленген ұлттық тағамдар мен сусындардан ауыз тиді.

Сонымен қатар, ауыл өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Ән мен күйден бөлек, ауылдық округтен шыққан жас спортшылардың жетістіктері мен марапаттары да паш етіліп, түрлі  ұлттық спорттық жарыс-тар өткізілді. Онымен қоса, қолөнер шеберлерінің және Қарасай батыр тағылымынан сыр шертетін көрме жұрт назарына ұсынылды. Халқымыздың тыныс-тіршілігіндегі әдемі әдет-ғұрыптардың бірі саналған құдалық және тұсаукесер рәсімінің көрсетілімдері көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.

Айта кетейік, фестивальдің басты мақсаты – аудан жастарының өнерін дәріптеу ғана емес, сонымен бірге көпұлтты Қордай өңірінде бірлікті нығайтып, дәстүр мен мәдени мұраны сақтау және оны болашақ ұрпаққа жеткізу.

Мәдени шара соңында округ әкімі Күлжахан Елемесова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Көпшілікке ерекше әсер сыйлап жатқан эстафеталық фестиваль әр аптаның жұма күндері аудан орталығының жасыл саябағында өнер сүйер қауымға жол тартатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.