ҚАРАСУДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

0

Бүгінгі күні аудан көлемінде халыққа қызмет көрсететіп отырған 59  мәдениет, архив мекемелері бар. Жыл басынан бері аудандағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген болатын. Сонымен қатар, ауылдардағы  мәдениет үйлерінің тапшылығын жою мақсатында Қордай ауданында 3 бірдей мәдениет үйлерінің іргетасы қаланды. Соның бірі 5 шілде күні Қарасу ауылында салтанатты түрде ашылды.

Елордамыздың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілген 90 орындық жаңа ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ауданымыздың аға буын өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.

– Бұл нысан  кейінгі жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беретін мәдени орынның үлгісі болмақ. Қарасу ауылында мәдениет үйінің жоқтығы – ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелердің бірі болған. Жаңа мәдениет үйі ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізуіне себеп болумен қатар, олардың көпшілігін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек, — деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.

Айта кетейік,  мәдениет үйінің құрылысын «Нұр Тұрсын» ЖШС жүргізген болатын. Жалпы сметалық құны 181 738,0 мың теңгені құраған нысанда ауыл балаларына арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, үлкен концерт залы бар және мемлекеттік тілді үйрету бойынша курстар да өтетін болады.

Іс-шараға арнайы келген мердігер компанияның басшысы Талғат Тұрсынмұратов ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ел игіліне қызмет етсін деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, мердігер компания атынан Қарасу ауылдық округінің әкімі Рая Жасыбаеваға, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпұқоваға сыйлық табыс етті.

Осыдан кейін Дамира Маратқызы, «Қордай ауданының Құрметті азаматы» Тұрған Жасыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және  ауылдың өзге де сыйлы ақсақалдары жаңа нысанның символикалық  лентасын қиды. Қазақы дәстүрмен шашу шашылып, ауылдың көнекөз қариясы Бақыт Керімқұлұлы көпшілікке ақ батасын берді. Жиналған қауым мәдениет үйінің ішін аралап шығып, салтанатты жиынға орай Қордай ауылдық округі ардагерлерінің және аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.