«Қаратөбел» Қордайда сахналанды

1

«Баяғыдан, алты ай жаз, сонау қар алғаш түскенге дейін қымыздан аузы құрғамайтын Есқұл отағасының күндегі әдеті — құлынды желіден бесін ауа ағытып, кекілі қалың кер биесімен ауылдан аулақтау аласа таудың қойнауына қарай кетіп бара жатады. Бүгін де солай. Қойнауда суы мөлдіреген жылға бар. Айналасы көкорай шалғын. Соған биесін таң азанға дейін жайып алады. Кешелері колхоздың жылқысын талай жыл бағып, талай күндерін түн күзетіп өткізіп, түзге түнеуге дені ауып қалған адам емес пе, көкорайы көз жауын алатын қойнаудың тымық түндегі кәусар ауасын сіміріп жатудың өзі пейіш. Самсаған жұлдыздарға көз салғанда, ойының сан-саққа кететіні бар; бірі самғап, бірі сарғайып, бірі сандалып сапырылысқан Құдайдың пенделерінің кез келгенінің кеудесінде осындай бір төбесінде жарық сәулесі қалың қойнау болса ғой, шіркін, дейді».
Көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ұзақ жылдар «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының Бас редакторы қызметін атқарған, «Қордайдың қоңыр Құлжасы» атанған қаламгер Несіпбек Дәутаевтың «Айғыркісі» атты әңгімесі осылай басталып, қазақ ұғымындағы кие деген түсінікті, кісілік пен пенделік деген дүниелер төңірегінде ой салады. Жүрек тұсындағы кішкентай ғана сезім деген себезгіні селт еткізіп, адамды ойға жетелейтін туынды енді сахналық қойылымға айналды.
25 желтоқсан күні Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде қаламгер Несіпбек Дәутайұлының 75 жылдығына орай тамаша театрландырылған қойылым өтті. Жазушының көпке таныс «Айғыркісі» әңгімесі желісі бойынша қойылған сахналық инценировка «Қаратөбел» мистикалық-вербатимі қордайлықтар назарына ұсынылды. Инцировканы әңгіме желісі бойынша аймағымызға белгілі журналист, әрі аталмыш актерлар тобының жетекшісі Ардақ Үсейінова жазып шыққан.
«Негізінен әңгімедегі монологтарға ден қойдық. Несіпбек аға драматургиямен айналыспаған адам. Дей тұрғанымен де, жазушының осы бір шығармасын сахналау көптен бері жүрген жоспарымыз еді. Бүгін соны іске асыру ниетіміз бар», — дейді А.Үсейінова.
Қазаққа өте жақын жылқы жайында жазылған әңгіме жылқы тектілес азаматтар хақында, дүниеқұмарлық пен дүниеқоңыздықтың түбі, жоғарыда атап өткен кие деген ұғымды ұмыт қалдырып бара жатқан ұрпақ турасында сөз қылатыны белгілі. Бұл шығармамен жақын таныс жандар үшін оның сахналық көрінісі қалай болмақ деген ой мазалағаны анық. Бірақ, қойылымда басты рөлдердің бірін сомдаған актер Дарын Дауымов, өзі режиссерлік еткен. Тараз қаласындағы «Абай» және «Парасат» колледждерінің дарынды жастарының басын құраған сахналық қойылым сәтті шықты деуге болады. ҚР Жазушылар одағында сахналанбақ болған «Қаратөбел» мистикалық-вербатимін ұйымдастырушылар бірінші болып жазушының туған жерінде көрсетуді жөн көріпті. Оның да себебі белгілі. Ең алдымен қаламгердің рухына, туған жеріне деген құрмет. Жерлестер де жерге қаратпады. Жиналған қауым инценировкаға өте жақсы деген бағасын берді. Әсіресе басты рөлдегі актердің алдымен ақ шляпаны алып шығып, бір бұрышқа қоюы, қойылым соңында оны қайта алып кетуі, артынан түскен жарықтан көрермен Несағаңның өзін көргендей болды.
Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жерлес жазушымыздың шығармасын насихаттап, осындай жаңа бастаманың ұйытқысы болып жүрген Ардақ Үсейіноваға аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтауын жеткізіп, Алғыс хатын табыс етіп, қазақи дәстүрге сай иығына орамал, камзолын жауып, қордайлықтар атынан алғысын жеткізді. «Қордайдың қоңыр құлжасының» шығармаларын насихаттап жүрген жастарға аудандық ардагерлер ұйымы төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық Қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаевалар да баталарын беріп, ризашылықтарын айтты.
Ж.ОМАРОВ

1 Comment
  1. Ардақ says

    Керемет! Көп рахмет! Жақсы талдапты! Режиссерлік бір элементтік шешімді дөп басып таныған екен мақала авторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.