Қарттарымыз еліміздің көзі тірі шежіресі десек артық айтқандық емес. Ел дамауына барлық өмірін арнап, тер төккен ардагерлер қандай құрметке де лайық. Себебі бүгінгі ұрпақ қариялардың алдында қарыздар екенін ұмытпауы тиіс. Осы қасиетті парызды ұмытпай қарияларға құрмет көрсету мақсатында елімізде арнайы «Қарттар күні» мерекесі белгіленіп, бұл күні түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жыл сайынғы игі дәстүрге айналды.
Биыл да ауданымызда бұл үрдіс жалғасын тауып, әр ауылында қарияларға құрмет көрсетіліп, түр-лі іс-шаралар өтуде. Қариялардың денсау-лығына алаңдаған аудан басшылығы санитарлық талаптарға барынша көңіл бөліп, құттықтау форматын біршама өзгертті.
Бірінші қазан күні аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов және аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов аудан орталығындағы арнаулы әлеуметтік қыз-меттер ұсыну орталығына барып, өмірде қиын жағдайға душар болған жандарды айтулы күнмен құттықтады. Рүстем Рысбайұлы ең әуелі қарттардың хал-жағдайын сұрастырып, арнайы сыйлығын тарту етіп, олардың тілектеріне де құлақ түрді.
— Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келдіңіздер. Мемлекет еш уақытта сіздерді қамқорлықсыз қалдырмайды, біз қарияларымыздың алдында қарыздармыз, – деді аудан әкімі.
Аталмыш мекемеде 14 қария өмір сүреді. Оларға 14 қызметші кезегімен қызмет етіп, қамқорлық жасайды. Қарттар үйінде қолайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы күн тәртібі, 4 мезгілдік дәмді тамақ пен медициналық көмек те қарастырылған.
Осы күні аудан әкімі аудандағы бірқатар ардагерлермен кездесу өткізіп, мерекелерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар, іс-шара барысында аудан дамуына қосқан үлесі, ерен еңбегі және жастарға тәрбие беру ісіне белсене араласып жүрген бірнеше қария Алғыс хаттар және төсбелгімен марапатталды.
Бұл күні игі шаралар осымен аяқталған жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне барса, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері Қордай ауылындағы бірқатар қариялардың үйіне меркемен құттықтап барды. Арнайы дайындалған азық-түлік себеттерін тарту еткен ардагерлер және әкімдік мамандары басшылықтың құттықтауын да жеткізді.
Жалпы, мереке күні аудан бойынша 128 қартқа азық-түлік себеттері таратылды. Азық-түлік себеттеріне жергілікті бюджеттен 635 мың теңге қаржы бөлініпті. Сонымен қатар, демеушілердің және ауылдық округ әкімдіктерінің көмегімен де қайырымдылық көмек көрсетілді.
Еркін Қатбеков