Қарт бар үйде – береке

0

Қордай ауданында ардагерлер кеңесінің және аудандық Мәдениет үйінің бірлесе ұйымдастыруымен батагөй қариялардың «Ақ бата» атты байқауы өтті.

Байқауға ауданға қарасты ауылдық округтерден ең үлкені 84 жаста, ең кішісі 66 жастағы, жалпы, 15 қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты – ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі бата беру дәстүрін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызын және бата берудің түрлерін, шеберлігін, көркемдік дәрежесін арттыру, бата беру арқылы халықты, жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу және ел арасында бата берушілерді насихаттау арқылы халық шығармашылығын дамыту. Шара жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналды.

Бата – бұл өмірлік тәжірибеден туындайтын, халық даналығын жинақтайтын, мазмұнды әрі көркем тілмен кестеленген рухани мұра. Ол адамның зердесіне құйылсағана діттеген мақсатына жетеді. Сондықтан, «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген нақыл, батаны берушілердің өмірлік тәжірибесінің мәнін орындап, маңызды екендігін еске салады.

Шара барысында қатысушылардың шешендігі мен сөз саптауы ерекше бағаланып, ұлттық дәстүрді дәріптеу қабілеттері назарға алынды. Байқауды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мәдениет саласының өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы саралады.

Олар қатысушылардың көрсеткіштерін жоғары бағалап, көне дәстүрімізді құрметтеу мен сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай құттықтау сөзімен ашты. Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқаудың қорытындысы бойынша: Бас жүлде – Өмірзақ Бекқожаев – 76 жаста (Өтеген ауылы). I орын – Сәбит Мәрімов – 76 жаста (Отар ауылы). II орын – Ермаханбет Иманғалиев – 79 жаста (Әлжан ана ауылы), Оңалбай Естемесов – 72 жаста (Қаракемер ауылы). III орын – Әділбай Семжанов – 71 жаста (Ауқатты ауылы). Батырхан Билибаев – 64 жаста (Еңбек ауылы).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сый-сияпаттармен марапатталды.

Алдағы уақытта осындай игі шаралардың жалғасын табатынына сенім білдіреміз. Өйткені, олар ұлттық бірлігіміз бен мәдениетімізді нығайтуға, жастарға рухани азық беруге үлкен мүмкіндік жасайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.