ҚАРТ ИМАМҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

0

Өткен сәрсенбіде Қаракемер ауылындағы ескі мешіттің ауласына 150 түп жеміс ағаштарын отырғызған көгалдандыру акциясы өткені белгілі. Жалпы, бұл ауылда кейіннен сәулеті жарасқан екінші мешіт бой көтерген. Оны салып берген кәсіпкер азаматтарға, әсіресе жастардың имандылыққа көптеп бет бұрып жатқанына ауылдастар дән риза.

Дегенмен, орталық көшенің басында осыдан отыз бес жылдай бұрын бой көтерген алғашқы мешіттің жөні бөлек-ті. Өйткені, ол кеңес үкіметінің дәурені жүріп тұрған кезде ауданда пайда болған алғашқы мешіттердің бірі болатын. Оны тұрғызуға бастамашы болып, құрылысына да өзі бел шеше кіріскен, айналасын көгалдандырған, кейіннен ұзақ жылдар осында имам болған Садық Далдаевты көпшілік ұмыта қойған жоқ. Кезінде келушілер үзілмейтін, қай жағынан қарасаң да жасыл желекке малынған, айналасы гүлмен көмкерілген бұл мешітке сол тұстағы муфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы өзі арнайы келіп көріп алғысын айтып, Садықты имамдыққа тағайындап кеткен-ді. Одан кейінгі дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің де сан мәрте ризашылығына бөленген.

Уақыт бір орнында тұрмайды. Садық молда егде тартып имамдықты қойғалы ескі мешіттің айналасындағы ағаштар күтімсіздіктен қурап, ақырында тып-типыл жұлынып тасталған еді. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында өткен акцияға бүкіл ауыл жұрты қатысты. Көршілес Масаншы, Сортөбе ғана емес, шалғайдағы Қарасай, Өтеген, Қарасу ауылдарынан да ақсақалдар мен дін қызметшілері келіп, қолдарына күрек алып ағаш отырғызды. Ауданның бас имамы Асқар Сатылғанов, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, Елордадан арнайы жолы түскен белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлел, дүнген ағайындардан Сортөбе мешітінің имамы Паншаров Губар мен Воинце Абдулкарим қария ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастыра түсетін осындай шаралардың керектігін атап көрсетті. Ауданның бас имамы А.Сатылғанов бүгінде жасы сексеннен асқан Садық молданың осы ауылда алғашқы мешітті тұрғызып, жерлестерін имандылыққа ұйытуға, аймақта ислам қағидаларын негіздеуге сіңірген зор еңбегіне ризашылығын білдіріп, «Алғыс хатпен» марапаттады, зайыбы мен екеуінің иығына шапан жауып, сыйлық себетін тарту етті. Өз кезегінде Сәкең қалың елге, қазағына, ауылдастарына деген ақ тілек батасын жаудырды.

 

Құрманбек Әлімжан,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.