1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың мерекелік құттықтауын жеткізіп, ауданның Құрметті азаматтары Шөпен Молдақалықов пен Анатолий Шуптаның шаңырақтарына арнайы барып, сый-құрмет көрсетті.
Салтанатты сәтте ардагерлерге ыстық ықылас пен ізгі тілектер жолданып, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбектері ерекше атап өтілді. Қарттарды қадірлеу – қоғамның басты құндылықтарының бірі екендігіне тоқталған аудан әкімінің орынбасары мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Ардагерлер өз кезегінде аудан басшылығына көрсеткен ілтипаттары үшін ризашылығын білдіріп, жас ұрпаққа амандық пен елге бірлік тіледі.
Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Қордай ауданының тұрғыны Анастасия Елатонцеваның үйіне арнайы барып, аудан әкімі Бегзат Болатбековтың мерекелік құттықтауын жеткізді.
Кездесу барысында ардагерге ізгі тілектер айтылып, аудан әкімінің атынан сый-құрмет көрсетілді. Қарияның елге сіңірген еңбегі ерекше атап өтіліп, жас ұрпаққа үлгі болатын өнегелі өмір жолы жайлы әңгіме қозғалды. 101 жастағы Анастасия Григорьевна ұзақ жылдар бойы ветеринария саласында абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Еліне адал қызмет еткен жанның қажырлы еңбегі мен өмірлік тәжірибесі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ардагер аудан басшылығының ілтипаты мен мерекелік құрметіне ризашылығын білдіріп, ұзақ ғұмыр мен береке тіледі.
Қарттар күні қарсаңында игі шаралар жалғасын тауып, ғасыр құрдасы, 103 жастағы Бетқайнар ауылының тұрғыны Зейтана Құттықоваға ерекше құрмет көрсетілді.
Оның өмір жолы — тарихтың айғағы. Жасөспірім шағында-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек етіп, елді қалпына келтіру ісіне де белсене атсалысты. Зейтана апа бүкіл ғұмырын туған жері мен бала тәрбиесіне арнады. Аудан әкімінің құттықтауын және шынайы алғысын аппарат басшысы Нұрболат Сатымқұл жеткізді. Әже көрсетілген қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, баршаға бейбіт өмір, денсаулық және амандық тіледі.
Шолпан САБАНОВА