«Қарты бар үйдің қазынасы бар», деген сөз қалай ғана тура айтылған. Ал, қарт адамдарға көңіл бөлу, құрметтеу бұл енді қанымызға сіңген қасиет. Жақында Жамбыл ауылындағы «Болашақ шуағы» балабақшасы жанындағы «Күншуақ» үйірмесі ұжымы директоры Мұхит Сврагановтың ұйытқы болуымен Қордайдағы «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» барып, сол жердегі қарттармен кездесу өткізіп, сый-сияпатын жасап, шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
«Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Дей тұрғанмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес, бүгінгі жас буынның басты парызы. Сондықтан да, бүгінгі күнгі барлық құрмет, шынайы тілек пен ақ ниет қарттарға арналмақ. Денсаулықтарыңыз мықты болып, қуаттарыңыз қайтпай, халықтың ортасынан табыла бергейсіздер, — деген ізгі тілектерін білдірді «Күншуақ» үйірмесі ұжымы.