Қарт десе, әркімнің көз алдына өз шаңырағына құт-береке кіргізіп отырған ақ жаулықты әже мен ақ сақалды қария елес¬тері анық. Тілеуімізді тілеп, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз. Алайда, өкінішке қарай, перзент атаулының бәрі ата-анасын, ата-әжелерін алақандарында аялап отырған жоқ. Бұл бүгінгі қоғамның қасіреті болар.
Өмірлі қиын жағдайға тап болған қарияларға пана болып отырған Қордай ауылындағы қарттар мекеніне арнайы баруды ұйғардық. №7 А. Пушкин атындағы орта мектебінің оқушылары мен мектеп тәлімгері Г.Нүсіпбековамен бірлесіп «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ барып қайттық. Қам көңіл жандарға оқушыларымыз өнерін көрсетіп, қарттарымызбен арнайы сұхбат жүргізіп, әдемі көңіл күй сыйлап, мектебіміздің атынан апарған дәмді тарту еттік. Оқушылардың кейбірінің жанашырлықтан көзіне жас келгені олардың қайырымды іске, жақсылыққа жаны құмар екенін аңғардық.
Біздің ойымызша, осының бәрі ұлт тәрбиесіне тіреліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпақ санасына «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек. Ал, ата-әжелерімізге келетін болсақ, қолдан келгенше алақанымызға салып, жан-жылуымызды молынан аямай сыйлауымыз қажет. Әр ата-әжеміз өз шаңырағында ұл-келіндеріне еркелеп, немере-шөбере көріп, әдемі қарттық жетсе екен деймін!
Ғазиза Аманбай, №7 А. Пушкин атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі, «Жігер» дебат клубының жетекшісі