Гвардейск гарнизонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің қатарын жас сарбаздар толықтырды.
Қазақстанның барлық аймақтарынан шақырылған жас сарбаздар короновирус инфекциясын анықтайтын ПТР тест тапсырып, медициналық тексерістен өтті. Олар, облыс бойынша гигиеналық талаптары сақталған казармаларға орналастырылып, екі апталық карантинде болады. Жас сарбаздар медициналық бетпердемен қамтамасыз етіліп, талаптардың сақталуы қадағалануда.
Қазіргі таңда әскери бөлімнің психологтары жас сарбаздармен жеке сұхбаттар мен психологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жас толымдар жиынының офицерлері мен сержанттары жас сарбаздарға әскери істің қыр-сырын үйретіп, жалпыәскери жарғылардың ережелерімен таныстырады. Алдағы уақытта жас сарбаздар әскери ант рәсіміне дайындалатын болады.
- Отан қорғау әр азаматтың қасиетті борышы. Менің әкем мен ағам әскерде болған. Әкем осы Гвардейск гарнизонында мерзімді қызметтегі борышын өтеген. Мен де осы жерде Отан алдындағы борышымды атқаруға келгеніме мақтан етемін, — деді Шығыс Қазақстан облысынан шақырылған жас сарбаз Әділет Азаматов.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі