«Қарызсыз қоғам» жобасы: алаяқтарға алданбас үшін не істеуіміз керек?

0

Қаржылық сауат – қазіргі қазақ қоғамындағы өте маңызды мәселе. Себебі «аңқау елге арамза молда» болған алаяқтар жетерлік. Елдегі кейінгі кезде болып жатқан жағдайлар осыны аңғартады. Finprom.kz сайтында жарияланған дереккөзге сүйенсек, биыл Қазақстандағы қаржы пирамидаларының құрбаны болған адам саны үш есеге көбейген.

               

Бірақ дәл сол «қаржылық пирамида құру және басқару» бойынша қылмыстық құқықбұзушылық саны 22,5 пайызға төмендеген. Демек бұл «арамза молдаға» алданғандар көп те, бірақ олардың «арамзалығын» әшкерелеген сәттер аз екенін білдірсе керек. Былтыр ғана 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мен теңсіздікті жою мәселесін қозғап, тапсырма беріп еді. Мұны сол кезде қаржы сарапшыларының басым бөлігі қолдады. Өйткені табысы көп әрі сол табысын білімге, сауатты болуға жұмсайтын адам қаржы алаяқтарының құрбаны болуы неғайбіл.

Жуырда қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту және оны тарату бойынша Жол картасын әзірлеуге қатысты Үкімет жиыны өтті. Оған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев төрағалық етті. Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзінше, азаматтардан барлығы 68 мыңға жуық өтініш түсіп, оның ішінде 5 мыңнан астам қазақстандық банкрот деп танылған. Осыған байланысты жиында сөз алған «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев:

«Көп адамның шығыны кірісінен асып түседі. Адамдар айырмашылықты несиемен өтеуге тырысады. Көп жағдайда бір несиенің қарызын екінші несиемен жабады. Жобаға қатысушылардың бірінде бір мезгілде 26 несие болды. Яғни адамдар қарызды «жеңіл ақша» ретінде қабылдайды. Сондықтан Мемлекет басшысы жоба игілігін бүкіл еліміз көруі үшін оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Мәселен, келесі жылдан бастап барлық ауданда қаржы сарапшылары жұмыс істей бастайды. Оларға кез келген уақытта барып, кеңес алуға болады. Алайда мәселенің тек салдарымен ғана емес, сонымен бірге себебімен де күресу керек. Осы мақсатта, партия мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына қаржылық сауаттылық сабағын енгізу үшін оқу құралын әзірлеуге кірісті» – деді.

Сонымен қатар жиында келер жылдан бастап барлық аудан мен облыс орталығында «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылатыны нақтыланған еді.

«Биыл оқыту тек 8 өңірде жүргізілсе, енді ол бүкіл еліміз бойынша, тек ауылдарда ғана емес, аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда да қолжетімді болады. Осы жылы біз ешкімді шектемедік, тыңдаушылардың арасында қарызын өтей алмай жүргендермен қатар ешқашан несие алмаған азаматтар да болды. Бұл жолы біз несиесін төлеу мерзімі 90 күннен асқан 1,5 миллион адамға баса назар аударғымыз келеді. 2024 жылы 200 мың адамды оқыту жоспарлануда, қосымша қаржылық сауаттылық бойынша курстар мектептер мен жоғары оқу орындарында өткізіледі. Бұл жалпы 1 млн қазақстандықты қамтуға мүмкіндік береді», – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Жалпы біздің қоғамда қарызға батып, несиесін өте алмай жүргендердің арасында қаржы пирамидаларына алданғандар көп. Оны сөз басында да айттық. Осыған байланысты макроталдаушы Аягөз Ханетовадан қаржы пирамидалары дегеніміз не және оның белгілері қандай екенін сұрадық. Сарапшы бұл жөнінде мынадай пікір білдірді:

Пирамида мәселесі – қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі ол жеке адамдарға ғана емес түбегейлі экономикаға кері әсерін береді. Кез келген адам қолындағы капиталының құр жинақталып тұрмай, пайда әкелгенін қалайды. Сондықтан түрлі қаржы құралдарын қарастыра бастайды, осыны сезген алаяқтар заңсыз қаржы құрылымдарын құрып, сол ақшаларды өз құрығына түсірудің жолдарын қарастырады. Қазіргі таңда пайда болып жатқан қаржы пирамадаларын шынайы компаниялардан ажырату өте қиын, ол үшін міндетті түрде белгілі бір деңгейде қаржылық сауаттылық керек. Мысалы, қаржы құралы туралы түсінікті ақпарат болуы керек, қол қойып жатқан келісім шарт мұқият оқылуы керек, түсінбеген тұстары сұралуы керек, ұйымға немесе адамға сене салмай, барынша ол туралы ақпарат іздестіріп көру керек. Алайда кей жағдайда сауатты болу да жеткіліксіз, себебі өте сауатты адамдардың да ақшаларын өз қолымен алаяқтарға бергенін көрдік те, естідік те. Тіпті пирамида екенін біле тұра адамдар өздерін қатерге итермелейді. Себебі қазір адамдарға: бұл жаңадан ашылған компания, сіз міндетті түрде басында кіргеніңіз үшін ұтасыз деп, ақылға қонымсыз пайда сомаларын айтып қызықтырады. Адамдарды болашаққа қатысты белгісіздік сезімі билесе немесе тез арада пайда табуға деген құлшынысы болса онда қате шешім қабылдауы және алаяқтарға ұрынуы әбден мүмкін. Экономикада «мінез-құлық экономикасы» деген бөлім бар, кейінгі кездері мейнстримге айналды. Ол «адамдарды қате шешім қабылдауға не итермелейді?» деген сұрақты зерттей келе, жалпы бұқараға, әсіресе дағдарыс кезеңдерінде иррационал мінез тән екенін анықтаған. Тап осы иррационалдық осалдықты алаяқтар жақсы пайдаланады. Сондықтан ең бастысы кез келген уақытта, тез пайда табамын деп барыңыздан айырылып қалғанша, одан да салмақты ойланып, қисынмен шешім қабылдаған жөн. Инвестициялауды үйрететін жақсы сарапшылар бар, олардың айтуынша, жылына 5-10 пайыз жобасында пайда көру бұл қалыпты және қауіпсіз деп саналады екен. Ал «бір айда екі есесін аласың, үш есесін аласың» деп тым көп пайда табуға қызықтырған кез келген құрал – өте қауіпті. Инвестициялаудың алтын заңы: неғұрлым пайдасы көп болса, сол ғұрлым қауіп-қатері көп деген сөз, ал пайдасы онша көп болмаса, демек қауіп-қатері аз деген сөз, осыны естен шығармауымыз керек.

Қаржы пирамидаларының басты белгілері:

– Көрсетілген қызметін жүзеге асыруға ресми лицензиясының болмауы

– Тым жоғары табыс табуды ұсынуы

– Ұйым жөнінде қаржылық ақпаратты жасыруы

– Агрессивті түрде ұйымды жарнамалау, әсіресе чаттар арқылы

– Адамдарға пайданы жаңадан кіргізген мүшелердің салған салымынан беруді жоспарласа (яғни, өз капиталы жоқ, тек келесі кірген адамның ақшасынан бір бөлігін басқа адамға бөліп беру)

– Шынайы қауіп-қатердің қаншалықты жоғары екенін түсіндіріп бермеуі

Заманауи үлгідегі ең алғаш қаржы пирамидасын 1919 жылы италиялық Чарльз Понци құрған, кейіннен пирамидалар жүйесін Понци жүйесі деп атайтын болған. Пирамидалардан қарапайым халық қана емес, экономика да зардап шегеді. Себебі халықтың ақшасын қалтасына басқандар көбіне шетелге қашып кетеді, яғни сыртқа капитал ағыны болады. Сондықтан пирамидаларға қатысты заң қатаңдатылуы керек, бұл – мемлекет тарапынан жасалатын қадам. Ал қарапайым адамдар қаржы сауаттылығын арттыру керек, ең болмағанда қаржылай сауатты адамның кеңесін алуы керек, – деп түсіндірді ол.

Банк картасына қатысты қағида: картаның алдын бер, артын берме. Яғни егер біреу сізге төлем жасайтын болса, ақша аударамын десе, оған тек банк картасының алдыңғы бетіндегі нөмірі ғана жеткілікті! Ал қалған ақпарат тек сізге ғана керек!

Алайда интернет дүкеннен зат алып, төлем жасайтын болсаңыз, әлбетте банк картасының алдыңғы және артқы бетіндегі ақпараттардың барлығын толық жаза аласыз.

Егер сіз таныс емес адамға банк картаңыздың:

  1. Нөмірін ғана берсеңіз – ол ештеңе жасай алмайды
  2. Нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді жіберсеңіз – кейбір интернет дүкендерде төлем жасай алады
  3. Нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді, CVV/CVC кодын жіберсеңіз – қонақүй немесе көлік жалға ала-алады, сіздің картаңызды өзінің Google Play-на байлап қоя алады, Litres сияқты сайттарда төлем жасай алады
  4. Нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді, CVV/CVC кодын және келген SMS кодты жіберсеңіз – интернетте кез келген шектеусіз кез келген төлем жасай алады.

Дегенмен кәсіби алаяқтың мақсаты сіз болсаңыз, тек қана картаңыздың нөмірі арқылы әлеуметтік желілерден Сіздің аты-жөніңізді, оған қоса механикалық жолмен картаның жарамдылық мерзімін біліп алу ықтималы бар.

Ал карта деректеріңізге куәлігіңіздің скан-нұсқасын қоса жіберсеңіз

– Сіздің атыңызға несие ала алады

– Пәтеріңізге адамды тіркей алады

– Ең сорақысы, сіздің жеке деректеріңіз толық қолына түскен адам сізді бопсалай алады

Сол үшін сақ болыңыздар!

  1. Ақша жіберу немесе алу үшін сілтемеге өтпеңіздер
  2. Ақшаны карта нөмірі арқылы емес, басқа төлем жолы арқылы алу/жіберу мүмкіндігі болса (телефон нөмірі, PayPal тб.), соны пайдаланған жөн
  3. Электрондық пошта арқылы тек қана банк картасының нөмірінен басқа деректерді жіберуге болмайды.
  4. Құжаттарыңыздың скан нұсқасын тек танитын адамдарға, ұйымдарға жіберіңіз, онда да алдын ала хабарласып сұрап, анықтап дегендей
  5. Таныс емес адамнан, ұйымнан поштаңызға келген хатты «спам» бөлігіне жіберіңіз, сілтеме жіберсе, өтпеңіз, – дейді қаржы білгірі Аягөз Ханетова.

Ал бұған қатысты экономист Мақсат Халық қаржылық сауат курстарын оқыту мәселесі мектептен басталуы керегін айтады.

«Жалпы мектептен бастап қаржылық курстары өтуі қажет. Мәселен, бастауыш сыныптарда «Қаржылық әліппе», «Қаржылық сауаттылық», «Экономикаға кіріспе» деген секілді пәндерді қоюға болады. Ал жоғары сыныптарда, яғни 7-8 сыныптан бастап «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәндері тереңдетіліп оқытылуға тиіс. Бұрын «Әмиян» деген бағдарлама жасадық. Түсірілім кезінде 9 жастағы балаларды байқап қалдым да, «қиналып қалады-ау, игере алар ма екен?» деп уайымдадым. Бірақ соңында сол балалар өте білімді, басқаларымен салыстырғанда өте пысық болып шықты. Дүкенде сауда жасағанда «маған түбіртекті беріңіз, ол – менің тұтынушылық құқығым» деп айта алатындай дәрежеге жетті. Сондықтан балаларға ерте жастан, бастауыш сыныптан бастап қаржылық сауаттылығын ашатын курстар берілуі керек. Гарвардтың ғалымдары да балаларды 7 жастан бастап қаржылық білімге баулуға болатынын дәлелдеп отыр. Бұдан бөлек университеттерде де жеке пән ретінде оқытылуы керек. Бұл қарапайым қаржыға байланысты түсініктердің қалыптасуына, қаржы алаяқтарынан қорғануға, оларға қарсы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді, – дейді экономист М. Халық.

Сонымен сарапшылардың пікірінше, халық арасында қаржылық білім курстарының кеңірек насихатталғаны, қоғамның білімді, сауатты, интеллектісі сау болуға ұмтылғаны әрқашан маңызды. Оған қоса мұны іске асыру үшін адамға бала кезінен бастап аталған мәселе хақында дұрыс ақпарат берілгені абзал. Сонда ғана біздің қоғам келешекте де тығырыққа тірелмей, санасы ашық, сыни ойлауы жетілген өзге де қоғамдардан өркениеттік көшке ілескен «даму үлгісін» үйренуі бек мүмкін.

Алтынбек МЕРСАДЫҚ

Leave A Reply

Your email address will not be published.