Халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасының ілгерілеуіне қаржы жүйесінің қосар үлесі зор. Осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, адал еңбегімен абырой тапқан мамандардың бірі – Дидаркүл Сұлтанбекова мен Бақтыгүл Молдағұлова. Екеуі де өмірін банк ісімен ұштастырып, саналы ғұмырын ел қаржысының тұрақтылығына арнаған жандар.
Банк – менің екінші үйім
Бүгінгі күні «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қордай аудандық бөлімінде касса басшысы болып қызмет ететін Бақтыгүл Молдағұлова да банк жүйесінде 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол Талапты, қазіргі Әлжан ана ауылында дүниеге келген. Алматыдағы есеп-кредит техникумын тәмамдап, 1989 жылы Қордай ауданындағы «Сберкассаға» контролер болып орналасқан.
– Банк ісі – есеп пен тәртіпті сүйетін адамның мамандығы. Есеп-қисап, банк ішіндегі жүйе өзіме әркез қызық болды. Бұл таңдауыма ата-анам да қарсы болған жоқ, — дейді Бақтыгүл Әшірбекқызы.
Оның еңбек жолы да қарапайым контролерліктен басталып, бухгалтер, қаржы контролері, бас бухгалтер, кейін операциялық бөлім басшысы деңгейіне дейін өсті.
– Қазір бәрі цифрландырылды. Бұрын біз есепті ағаштан жасалған ескі есепшотпен санайтынбыз. Қазір бәрі компьютерде. Жастарға кейде күліп айтамын: «Біз кезінде мұның бәрін дәптермен істейтінбіз, сендерге қазір жеңіл, тек үйреніп алыңдар» деп, — дейді ол жымиып.
Касса басшысы ретінде Бақтыгүл Әшірбекқызының міндеті – ұжым жұмысын үйлестіру, кассирлердің тәртібін қадағалау, банкоматтардағы ақша айналымын бақылау, жоспардың орындалуын қамтамасыз ету.
–Банк халық үшін жұмыс істейді. Зейнетақы, жалақы – бәрі біздің қолымыз арқылы өтеді. Сол үшін жауапкершілік жоғары. Ақшамен жұмыс істейтін адам ең алдымен адал болуы керек. Ақшаға таза болу – біздің басты қағидамыз. Банк біздің екінші үйіміздей болғандықтан, ұжымдастармен бір-бірімге сыйластықпен қарап, ниетіміз дұрыс болуы да маңызды, — дейді ол.
Қызметте талапшыл басшы болғанымен, үйде ол – мейірімді жар, аяулы ана. Бір қыздың анасы, немере сүйіп отырған ардақты әже.
Дидаркүл мен Бақтыгүл апайлардың өмір жолы адал еңбектің, жауапкершіліктің және кәсіби тұрақтылықтың айғағы. Олар – уақыт талабына бейімделіп, кеңестік кассадан цифрлы банкингке дейінгі ұзақ жолдың куәгерлері.
15 қараша – Ұлттық валюта күні қарсаңында осындай жандардың еңбегін ұлықтау – біздің парызымыз. Себебі қаржы саласының тұрақтылығы осындай еңбекқор мамандардың қолында қалыптасқан жүйенің жемісі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ