ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ

0

Халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасының ілгерілеуіне қаржы жүйесінің қосар үлесі зор. Осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, адал еңбегімен абырой тапқан мамандардың бірі –  Дидаркүл Сұлтанбекова мен Бақтыгүл Молдағұлова. Екеуі де өмірін банк ісімен ұштастырып, саналы ғұмырын ел қаржысының тұрақтылығына арнаған жандар.

Теңге тарихының куәгері

Дидаркүл Үмбетәліқызы – 40 жыл бойы банк жүйесінде үздіксіз еңбек еткен жан. Ол 1962 жылы Отар ауылында қарапайым теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Кенен Әзірбаев атындағы №44 мектепті тәмамдап, 1982 жылы Алматыдағы есеп-кредит техникумына түсіп, 1984 жылы аяқтаған соң, көп ұзамай «Халық банкінің» Гвардейскідегі бөлімшесіне жұмысқа орналасады.

– Сол кезде банк «Сберкасса» деп аталатын. Кейін «Сбербанк», одан соң «Қазақстан Халық Банкі» АҚ атауына өзгерді. Сол жылдары бәрі қолмен, қағазбен істелетін, есеп-қисаптың әр тиынына дейін жауап беретінбіз, — деп еске алады кейіпкеріміз.

Банк саласындағы еңбек жолы контролер-кассир қызметінен басталып, кейін ревизиялық бөлім басшысының орынбасары, бухгалтер, заңды тұлғалар бойынша менеджер, соңында касса меңгерушісі лауазымына дейін өсті.

– Теңге – егемендігіміздің белгісі, экономикалық тәуелсіздігіміздің айғағы. Өз өмірімнің жартысын осы салада өткізіп, теңгенің әр кезеңіне куә болдым. Ол  жай ғана ақша емес, халқымыздың сенімі мен үмітін арқалаған нышан, — дейді Дидаркүл апай тебіреніп.

1993 жылы теңге айналымға алғаш енген сәтті ол ерекше толқумен еске алады:

– Ол кезде бәрімізде уайым да, жауапкершілік те қатар жүрді. Тәулігіне дем алмай, түнгі сағаттарға дейін жұмыс істедік. Сенімді қызметкерлерге жүктелген міндет ауыр еді. Бірақ бәрін абыроймен атқардық, — дейді.

Әңгіме арасында Дидаркүл апай сол жылдардағы халық тұрмысына қатысты қызықты оқиғаны да еске алды:

– Анам біраз жыл 3000 рубль жинаған екен, кейін сол ақша 6-ақ теңгеге айналды ғой. Ал маған 1992 жылы өзім жұмыс істеп жүрген банктен несиеге үй берілді. Анам «ол несиені сонша жыл қалай төлейсің» деп, қатты уайымдаған еді, бірақ валюта ауысқан соң, ұлыма берілген декреттік төлеміммен-ақ несиені жауып тастадым. Сол кезді ұмытпаймын, — деп күледі кейіпкеріміз.

Бүгінде Дидаркүл Үмбетәліқызы зейнет демалысында. Екі қыз, бір ұлдың анасы, жеті немеренің әжесі. Бір қызы Алматыда анасының жолын қуып, банк саласында еңбек етіп жүр.

– Жолдасым өмірден ерте қайтты… Банктегі жұмысымның арқасында өзім балаларымды оқытып, өмірге бейімдедім. Осы саланы таңдағанымеа еш өкінбеймін. Еңбектің зейнетін көріп отырғаныма шүкір, — дейді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.