Бүгінде халықтың қаржылық сауаты сын көтермейді. Әйтпесе арамызда жүрген кейбір адамдар банк-тер мен микроқаржы ұйымдарынан қаптатып несие алмас еді, қаржы пирамидалары мен желілік маркетингтердің тұзағына түспес еді, әртүрлі алдамшы бизнес-схемалардың шырмауында қалмас еді. Осының бәрі – қаржылық амалды ойланбаудың салдары.
Өкініштісі, азаматтардың бір бөлігі бір банктен алған қарызын өтеу үшін екінші банктен несие рәсімдейді. Мұндай қаржылық амалдардың қарызға белшеден батыратынын олардың көпшілігі түсінбейді. Алдамшы бизнес-схемалардың іс-әрекетінен адамдар ғана емес, елдің экономикалық жағдайы да жапа шегеді. Халықтың қаржылық институттарға деген сенімі азаяды. Адамдар артық ақшасын банктерге салуға жүрексінетін болады. Түрлі өнеркәсіп орындарын дамыту мақсатында шығарылған бағалы қағаздарды сатып алуға құлық танытпайды. Сөйтіп, кез-келген елдің экономикасында үлкен рөл атқаратын инвестиция көлемі күрт азайып кетеді. Ал халықтың көп бөлігінің қаржы ұйымдары алдындағы қарызының өсуі сол мемлекеттегі әлеуметтік тұрақсыздықты қалыптастырады.
Қазіргі уақытта қаржылық пирамидалар ішкі мазмұнын сақтай отырып, сыртқы түрін өзгерту үстінде. Бұрынғы пирамидаларда халықтың қаржысы жалған жоба мен түсініксіз қорларға құю ұсынылса, қазіргі күні халықты пәтер сатып алуға, жалған зауыттар және кен орындарын дамытуға, басқа да псевдоматериалдық құндылықтарды жасауға шақырады.
Азаматтардың қаржылық қызметтер мен құралдарды дұрыс әрі тиімді пайдалануы үшін, сондай-ақ, алдамшы бизнес-схемаларды бірден анықтай алуы үшін адамдарда белгілі бір деңгейде қаржылық сауат болуы керек. Ал жеке тұлғаның қаржылық сауатының қалыптасуы мектептен басталатыны даусыз.
Қазіргі күні әлемдегі қаржы нарығы мен қаржылық қызметтердің тез дамуы нарықтағы қаржылық құрал түрлерінің көбеюіне және олармен жұмыс жасау әдістерінің күрделенуіне әкелді. Қаржы нарығында банк терминалдары, пластикалық карталар, call-орталықтар, онлайн қаржылық қызмет түрлері және тағы да басқа дүниелер пайда болды. Банктік шот ашу, банк жүйесіндегі дебет және несие карталарын алу адамнан белгілі бір деңгейдегі қаржылық білімді талап етеді. Аталған қаржылық құралдарды пайдалану үшін обердрафт, эквайринг, сақтандыру полисі, әртүрлі амалға алынатын комиссия, кэшбек, бонустар, несие пайыздары және оның түрлері, несиелік лимит, несиелік рейтинг, карта көмегімен қарызды жабу, автотөлемдер, ағымдағы және жинақ шоттары, несие тарихы, кредиттік балл секілді экономикалық-қаржылық ұғымдарды жете білу қажет.
Сондықтан орта мектептерде жоғары сынып оқушыларының қаржылық білімін қалыптастыруға бағытталған пән немесе факультативтік сабақ енгізу қажет. Біздіңше, бұл пәннің немесе факультативтік сабақтың негізгі міндеттері келесідей болуы керек: оқушыларда қаржыны үнемдеу және сақтау шеберлігі мен дағдысын қалыптастыру; ақшаны тиімді жұмсауға үйрету; оқушының өзіне тиесілі ақша қорының шыққан көзін жақсы білуін қамтамасыз ету (табыс көзі, жинаған ақшасының көлемі, инвестиция, қарыз және тағы басқалар); экономикалық және қаржылық мазмұндағы жаттығулар, тапсырмалар және есептер жүйесін орындау, қаржылық мәдениетке қатысты эссе жазу, жобалар орындау және басқа да шығармашылық жұмыстар жасау; күмәнді қаржы ұйымдары, олардың пайда болу себептерін, құрылымын және жұмыс істеу механизмін түсіндіру. Мұндай іс-шараларды кәсіптік білім беретін колледждер жүйесінде де қолға алу маңызды.
Жоғары оқу орындарындағы білім беру үдерісінде болашақ мамандардың қаржылық сауатын және мәдениетін көтеру бағытында келесідей кешенді іс-шаралар іске асырылса деген тілек бар: белгілі бір пәнді оқыту барысында қарастырылып отырған тақырыптың қаржылық-экономикалық жағын ашу; жоғары оқу орындарының кафедралары мен оқу орнының қаржылық-экономикалық кафедралары арасында ғылыми-әдістемелік байланыстар орнату; қаржылық-экономикалық кафедралар көмегімен экономикалық емес мамандықтар студенттерінің қаржылық білім жүйесін қалыптастыруға бағытталған элективті пәндер немесе арнайы курстарды оқу бағдарламасына енгізу; элективті пәндердің мазмұнын жасау немесе арнайы курстардың оқу бағдарламасын құру кезінде «Қаржы математикасы» ғылымының элементтерін пайдалану; экономикадағы қаржылық үдерістердің орны мен рөлін ашатын ғылыми жобалар жасау және студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарының конкурстарын ұйымдастыру.
Орта және жоғары білім беру ұйымдарында оқушы жастардың күмәнді қаржы ұйымдарына кіруіне жол бермейтін іс-шаралар бойынша семинарлар, тренингтер өткізіп тұру қажет. Білім алушылардың және жалпы ел азаматтарының қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған әртүрлі қоғамдық жобаларды іске асыру үшін телевизиялық, цифрлық және интернет ресурстарды (сайттар, қосымшалар) пайдалану, конференциялар мен семинарлар өткізу, республика көлеміндегі жастар газеттері мен журналдарында қаржылық сауаттылық бойынша қосымшалар шығару және тағы басқа іс-шараларды жүйелі және мақсатты түрде іске асырып отыру қажет.
Егер жоғары оқу орнының қабырғасында қаржылық білім жүйесі қалыптасқан әртүрлі сала мамандары даярланса, онда бұл фактор мемлекеттің нарықтық экономикада үлкен табысқа жетуінің негізгі шарты болмақ. Мұндай оқу орнын бітірушілер өз мамандығының міндеттерін мемлекеттің экономикалық мақсаттарымен байланыстыра отырып, табысты еңбек етеді. Ал әрбір қоғам мүшесінің оңтайлы қаржылық шешім қабылдай алуы, өз кезегінде мемлекетіміздің экономикалық-қаржылық тұрақтылығы мен әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуге оң әсер бермек.
Абзал МҰҚЫШЕВ