ҚАСАПШЫ БОЛАМЫН ДЕП ОЙЛАМАППЫН…

0

Қасапшы боламын деп ойламаппын… Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының тұрғыны, кәсіпкер Салман Амановпен сұхбат барысында ол әңгімені осы сөзден бастады. Ауыл тынысы айдары аясында Қайнар ауылында болып қайттық. Жергілікті тұрғындармен жүздесіп, олардың өмір-жағдайымен, тірлігімен таныстық. Үлкен тас жолының қасында орналасқандығынан ма, бұл елді мекенде тіршілік қашанда қызу. Тіпті, түнгі уақытта да жолаушыларға тамақ әзірлеп, сауда-саттық жасайтындар ұйықтамайды.

 

Салман Аманов кәсіпкерлікті дамытып, жемісін көріп жүрген азамат. Өмір бойы еңбек етіп келген ол түрлі іспен айналысыпты. Десе де ауыл азаматы болғаннан айналып келіп, мал шаруашылығына тоқталады. Бала кезінен әкесіне мал союға көмектесіп жүріп, жақсы қасапшы дағдысын бойына сіңіріп өскенін өзі де байқамайды. «Бұл істе ең бастысы – тазалыққа аса мән беру. Ет алатын адамның талабы көп. Еттің сапасы сөреде тұрғанда бірден көзге байқалады. Сол үшін мал сойылғанда барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажет. Сондай-ақ, тұтынушылар малдың «халал» сойылғанын сұрайды», — дейді кәсіпкер.

Биыл Салман Аманов біраз жылдан бері жүргізіп келген қасапхана құрылысын аяқтады. Онда бір күнде 50 бас ірі қара, 200 бас ұсақ малды союға болады. Қасапханада 6 қасапшы жұмыс істейді. Салман Елчиевич мал бордақылаумен де айналысады. Қазіргі таңда қорасында 200 бас ірі қара бар. Малды сойып, етті Алматы қаласындағы өзінің дүкенінде сатады екен.

Бірер жыл бұрын қайнарлық кәсіпкер ауыл маңындағы шағын көлді сатып алып, астын тазалап, су жіберіп, балық шаруашылығымен айналыса бастады. Екі гектар аумақты алып жатқан көлге жалпы 45 мың карп тұқымдас шабақ жіберген. Қазіргі таңда балықтар көбейіп, балық аулауға мүмкіндік бар. Бұл іске арнап қазан-ошақ, тапшан орнатып, демалатын орын дайындапты. Қайнарлық балық аулауды сүйетін азаматтар осында келіп, балық аулайды, демалады. «Интернет желісін ақтарып отырып, «африкалық сом» атты балық түріне қызығушылық таныттым. Жақында шабақтарын алдырып, көлге жіберемін деген ой бар. Қасапханадан малдың жарамсыз қалдықтары көп қалады. Ал, ол қалдықтар «африкалық сомның» қорегі екен», — деген Салман Аманов өзге де жоспарларымен бөлісті. Мәселен, кәсіпкер Қайнар ауылының орталығында жаңа дүкен ашпақшы. Бүгінде қабырғасын көтерген, жақын арада құрылысты аяқтамақ ойы бар.

Жалпы, Салман Елчиевичтің өрісі кең кәсіпкерлегінде ауылда 30 шақты адам еңбек етсе, Алматыдағы ет дүкенінде 15 адам жұмыс істейді. Яғни, халықты жұмыспен қамту ісіне елеулі үлес қосып келеді.

Е.БЕКОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.