Қоғамдық тәртіпті сақтау мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Қордай ауданы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі және Қордай ауылдық округі әкімі аппаратымен бірлесіп кешенді іс-шара ұйымдастырды.
Қордай ауылындағы бос және қараусыз ғимараттар тексерілді. Іс-шараның басты мақсаты – бұл орындардың балалар мен жастар үшін қауіпті аймаққа айналуына жол бермеу және оларды құқықбұзушылықтан қорғау.
Зерделеу барысында әрбір нысан мұқият тексеріліп, олардың қазіргі жағдайы мен қауіп деңгейіне сараптама жүргізілді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен жастар ресурстық орталығының өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, қараусыз қалған ғимараттардың қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған бастама – аудан көлемінде құқықбұзушылықтың алдын алуға, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.