ҚАУІПСІЗ ОРТА –ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

0

Қазіргі заман ағымында буллинг пен кибербуллинг құбылысы жас-тар мен жасөспірімдердің тұлғалық дамуына кедергі келтіріп, теріс әсерін тигізуде. Осыған сәйкес, №7 Бетқайнар колледжінде «Кибербуллинг және буллинг: қазіргі заманның қауіпті құбылыстары» тақырыбында тағылымды шара өткізілді.

Бұл шара білім саласы үшін аса маңызды, себебі қазіргі заманның технологиялық дамуымен жастардың өмірінде кибербуллингтің рөлі барған сайын ұлғаюда.

Аталған жиынға білім саласының ардагері Гүлнар Айтқұлова, колледж директоры Гүлнар Әлімбаева, аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің бас редакторы Шолпан Сабанова және колледж білімгерлері қатысты. Спикерлер кибербуллингтің қаупі, оның себептері мен оны жеңудің әдістері туралы ақпарат берді.

Гүлнар Шымкентқызы, кибербуллинг мәселесінің жастардың психикалық денсаулығына туғызатын ауыр зардаптары туралы айтып, жастар арасында кибербуллингтің не екенін, оны қалай тану керектігін, және одан қалай қорғану жолдарын атап өтті. Оның пікірінше, оқу мекемелері осындай шаралар өткізу арқылы жастарды жағымсыз құбылыстармен күресудің әдістерін ұсынып, теріс әрекеттерден қорғана алатын тұлғаларды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Колледж директоры Гүлнар Еділбайқызы да шараның маңыздылығын атап өтіп, білімгерлерді бұл мәселеге назар аударуға шақырды. Ол жастардың бір-біріне қолдау көрсетуінің маңызды екенін және білім алушылардың кибербуллинг мәселесін ұғынуы үшін мұндай жиындардың қажеттілігін айтты.

Ауданның бас басылымының басшысы Шолпан Талғатқызы, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен қоғамның ақпараттық сауаттылығын көтеру жөніндегі жұмыстарды ерекше атап өтті. Ол кибербуллингтің әлеуметтік желілер мен онлайн кеңістіктерде кең таралғанын айтып, ата-аналар мен ұстаздарға жастармен ашық диалог жүргізу мен түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнатуға шақырды.

Шарада спикерлер, жастарға кибербуллинг және буллингпен байланысты мәселелер бойынша, қатерді келешекте болдырмаудың жолдарын түсіндіріп, өздерінің тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Күн тәртібіндегі тақырыптың маңыздылығы қоғамның басқа да мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.