Қордайдағы медициналық мекемелерде өрт қауіпсіздігі мен терроризмнің алдын алу бойынша оқыту сабақтары өтті.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі. Ал осы жолда медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандардың қауіпсіздігі мен төтенше жағдайларға дайындығы әрқашан басым бағыт болып қала бермек. Осы мақсатта Қордай аудандық орталық ауруханасының бастамасымен бірқатар маңызды шаралар қолға алынды.
Атап айтқанда, аурухана мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда техникалық қауіпсіздік инженері И.Данилович пен азаматтық қорғаныс жөніндегі инспектор А.С. Байгубеновтің қатысуымен өрт қауіпсіздігі және терроризм қаупінің алдын алу бойынша арнайы оқыту және нұсқаулық сабақтары өткізілді.
Оқу-жаттығу барысында қатысушыларға өрт туындаған жағдайда дұрыс әрекет ету, эвакуацияны тиімді ұйымдастыру, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану, сондай-ақ күдікті заттар анықталған кезде қандай қадамдар жасау керектігі туралы кеңінен түсініктеме берілді. Теориялық біліммен қатар, практикалық жаттығулар да жүргізілді, бұл өз кезегінде қатысушыларға жағдайды көзбен көріп, қолмен жасап көруге мүмкіндік берді.
Сабақ барысында медицина қызметкерлері белсенділік танытып, нақты сұрақтар қойып, жаттығуларға ықыласпен қатысты. Олардың әрқайсысы төтенше жағдай кезіндегі өз әрекеттерін нақты түсініп, білімдерін бекіте түсті.
Осындай оқыту шаралары – тек медициналық мекемелер үшін ғана емес, жалпы аудан тұрғындарының қауіпсіздігіне қосылған үлес. Қордай ауданында азаматтық қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлініп, жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді.
Аудандық орталық аурухана басшылығы бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын мәлім етті. Ал медицина қызметкерлері үшін мұндай жаттығулар кәсіби біліммен қатар, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың бірден-бір жолы болмақ.