Қауіпсіздік пен заң талаптары

0

Жуырда өткен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында депутаттар «Аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 10 маусымдағы №8-4 «Ауданның әлеуметтік және сауда нысандарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша атқарылған шаралар туралы» шешімінің атқарылуы туралы», «Аудан аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша учаскелік полиция инспекторларының жұмысы туралы» жоспарлы сұрақтарды қарады.

Бірінші сұрақ бойынша сөз алған аудандық азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау бойынша атқарған жұмысы жөнінде ақпарат берді. Халық қалаулылары есепке оң бағасын беріп, шаруашылық жүргізуші субъектілердің өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауын қатаң бақылауда ұстауды ұсынды.
Екінші кезекте аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Елдос Бекқұловтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы оперативтік жағдайды жақсарту мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан жыл бойы заң бұзушылықты алдын алу және болдырмау бойынша кешенді профилактикалық іс-шара жүргізілгенін, нәтижесінде аудан аумағындағы қылмыстар саны азайғанын алға тартты.
Жасөспірімдермен жүргізілетін профилактикалық сабақтар саны ұлғайып, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, мал ұрлығы, тіркелмеген жануарларды тасымалдау деректерін анықтау бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Атқарылған жұмыс оң нәтиже берген. Депутаттар жұмысты күшейтіп, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жоюға бағытталған шаралар кешенін мақсатты түрде атқаруды, ауылдық округ әкімдері мен жергілікті қауымдастық өкілдерімен тығыз жұмыс атқаруды ұсынды.
Қаралған сұрақтар бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.