Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің алаңында «Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары және жылыту маусымына дайындық барысы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Азамат Әбіш қатысып, тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар мен қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады.
Баяндамашы жер сілкінісі кезінде қауіпсіздікті сақтау және төтенше жағдайдың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Мамандардың айтуынша, әр отбасы табиғи апаттар кезінде сабыр сақтап, алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуі тиіс. Бұл ретте үйдегі ауыр жиһаздарды қабырғаға мықтап бекіту, дәрі-дәрмек, ауыз су, фонарь және алғашқы көмек қобдишасы бар төтенше сөмке дайындау маңызды екені атап өтілді. Сондай-ақ тұрғындарға эвакуациялау бағытын алдын ала белгілеу, сейсмикалық дүмпу кезінде лифт қолданбау және терезе маңынан жырақ болу керектігі түсіндірілді.
Жиында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. 2025–2026 жылғы жылыту кезеңінде аудан бойынша барлығы 28 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 9-ы жеке тұрғын үйлерде (32%), 8-і аулалық құрылыстарда (28%), 3 жағдай шөп қоймаларында (11%) және 8 оқиға көліктерде (28%) орын алған. Өкінішке қарай, бір адам көз жұмды. Ал улы газбен улану фактілері тіркелмеген.
Аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ мамандарымен бірлескен түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, «Өрт қауіпсіздігі сенбілігі» өткізілді.
Мамандар тұрғындарды жылыту маусымы кезінде пеш пен газ қондырғыларын қауіпсіз пайдалану, мұржаларды уақтылы тазалау және балалардың қараусыз қалмауын қамтамасыз ету қажеттігін еске салды.
Қорытындысында азаматтық қорғау майоры Әбіш Азамат тұрғындарды төтенше жағдайлардың алдын алуда жауапкершілік танытып, қауіпсіздік мәдениетін арттыруға шақырды.