Өткен аптада «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филалының мәжіліс залында кезекті фракция отырысы өтті. Оған аудан әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Рүстем Дәулет қатысып, төрағалық етті. Жиынның күн тәртібінде негізгі төрт мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Қатысушыларды отырыстың күн тәртібімен таныстырған Рүстем Рысбайұлы алғашқы мәселе «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалының 2025 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы турасында айтып өтті. Бұл мәселе бойынша сөз алған аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы С.Абдужалиева кеңінен баяндама жасаса, екінші мәселе «Nur Otan» партиясының Қордай аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасарын ұсынуға қатысты болды. Бұл сұрақ бойынша партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Сүгірбай сөз алып, фракция жетекшісінің орынбасарлығына мәслихат депутаты М.Адамбаевты ұсынды. Фракция мүшелерінің қолдауымен фракция жетекшісінің орынбасары болып М.Адамбаев сайланды. Осыдан кейін «Nur Otan» партиясының Қордай аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының төралқа құрамын бекіту мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша Д.Сүгірбай сөз алып, бірқатар мүшелерден құралған төралқа құрамын ұсынды. Жиынға қатысқан фракция мүшелерінің қолдауымен төралқа құрамына Д.Сүгірбай, М.Адамбаев, Қ.Қыпшақбаева, Р.Жатқанбай, Н.Садықов бекітілді. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі соңғы мәселе, яғни «Nur Otan» партиясының Қордай аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселесі қаралды. Аудандық партия мәслихаттағы фракция жетекшісі Д.Сүгірбайдың хабарламасынан кейін жұмыс жоспары бір ауыздан бекітіліп, шешім қабылданды.