«ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ – ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» РҚБ ҚОРДАЙ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

0

Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті, бірлікті сақтаудың бірден-бір жолы – салт-дәстүрімізді насихаттап, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Жаңғырудың қайнар көзі ұлттық кодымызда екенін терең ұғынған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі әдет-ғұрпымызды, ұлттық киіміміз бен тілімізді ұлықтауға өзіндік үлесін қосып келеді.

Екі жыл бұрын құрылған ұйым осы уақытқа дейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі қазақ аналарының басын қосып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, игі бастамалардың ұйытқысы болуда. Қазіргі таңда жоба аясында барлық өңірлерде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ-нің филиалдары ашылып жатыр.
Сәрсенбі күні аталмыш қоғамдық бірлестіктің Жамбыл облысы Қордай аудандық филиалының ашылу салтанатына орай ауқымды іс-шара өтті. Шараға жоба жетекшісі Айнұр Жүгінісова, қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының өкілдері, Қордай ауданы әр ауылдық округтерінен келген аналар алқасының және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Ең алдымен кимешек киген кейуаналар аудандық Мәдениет үйінің алдында жиналып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, ақжаулықты әже Анаркүл Ыдырысқызы ақжарма тілектерін жеткізді. Осыдан кейін қариялар Өтеген батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, орталыққа қарай бет алды.
Сәні мен салтанаты келіскен кимешекті әжелердің шеруіне аудан тұрғындары тәнті болып, халық әндерін әуелете орындап келе жатқан аналарға сүйсіне қарады. Орталық көшені жаяулата жүріп өткен шеру қатысушылары орталық алаңдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш маңына гүл шоқтарын қойып, бейбіт заманымыз ұзағынан болсын деген ақ баталарын берді.
«Дәстүрге жол» жобасы аясында ұйымдастырылған шара аудан орталығындағы мейрамханалардың бірінде жалғасын тапты. Мейрамхана алдына әр ауылдық округтің аналар алқасы мүшелері дәстүр мен ғұрпымызды көрсететін, ұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын көз сүйсінтер көріністі әзірлеген екен. Мәселен, Қаракемер ауылдық округінің аналары мұнда ақшаңқан киіз үй тігіп, ішіндегі ақ дастарханды ұлттық тағамдармен толтырса, Сарыбұлақ ауылдық округінің ақжаулықты әжелері ши тоқу, ұршық иіру, жүн түту, т.б. өнер түрлерінен шеберлік сағатын көрсетті. Ал Степной ауылдық округі аналар алқасының мүшелері өз қолдарымен тоқыған қолөнер бұйымдарын ала келіпті.
Ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында өткен шара соңында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ жетекшісі Айнұр Жүгінісова бірлестіктің аудандық филиалының ашылуына орай салтанатты түрде символикалық лентасын қиып, жоба киелі Қордай жерінде сәтті жалғасын тапсын деген жылы лебізін жеткізді.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.