«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қазақ күресінен чемпионаты Жамбыл облысында аяқталды. Ұлттық спорт түрінен өткен біріншілікке Гвардейск, Луговой, Сарыөзек, Тараз және Шымкент гарнизондарынан 100-ден астам әскери қызметші қатысты.
Қазақ күресі турнирінің мақсаты – әскери қызметшілер арасынан ең мықты спортшыларды анықтау ғана емес, сонымен қатар дене даярлығын жақсарту, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды насихаттау болды.
Жарыстың ерекше қонағы ретінде төрт дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Раушан Жаналиева шақырылды. Ол қатысушыларды құттықтап, ұлттық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті:
– Осындай маңызды шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақ күресі әскери қызметшілерді біріктіріп, біздің дәстүрлерімізді нығайтады. Барлық балуандарға сәттілік тілеймін, мықтысы жеңіске жетсін!
Чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте басты жүлдені Шымкент гарнизонының 6-механикаландырылған бригадасы жеңіп алды. Екінші орынды Сарыөзек гарнизонының 10-танк бригадасы иеленсе, үшінші орын Тараз гарнизонының 5-механикаландырылған бригадасына бұйырды.
Жеке есепте «алтынды» жеңіп алғандар:
— 66 кг салмақ дәрежесінде – қатардағы жауынгер Ержігіт Дәулет (ә/б 85395);
— 74 кг – капитан Айдын Мұхамадияров (ә/б 29108);
— 82 кг – қатардағы жауынгер Арманжан Аралұлы (ә/б 12740);
— 90 кг – лейтенант Абылай Сұлтанханов (ә/б 85395);
— 90 кг-нан жоғары салмақта – ефрейтор Ертуған Торенов (ә/б 03811).
Чемпиондар мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар Құрлық әскерлері мен Қарулы күштердің турнирлерінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.