Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету – заман талабы

0

Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету кеңінен қолға алынған. Өйткені мемлекеттік тілді еліміздің әрбір азаматы білуі әрі құрметтеуі қажет.    

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету балабақшалар мен мектептен  бастау алып, мекемелерде жалғасын тауып жатқаны баршамызға белгілі. Мектептегі өзге ұлттың баласына қазақ  халқының салт-санасын, әдет-ғұрпын, тыныс-тіршілігін таныстыру, сол арқылы мемлекеттік тілді үйрету  – біздің, яғни қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қолында.

Осы мақсатта 27 мамыр мен 7 маусым аралығында аудан орталығындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп базасында Жамбыл облыстық «Өрлеу» – Жамбыл Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен оқыту тілі қазақ тілінде емес мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) пәні педагогтерінің пәндік және кәсіби құзіреттіліктерін дамыту» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы жүргізілуде. Курста ауданымыздан 27 мұғалім дәріс алуда. Тренер – өз ісінің шебері, Өрлеу БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы,  п.ғ.м      Аманова Гүлхан Сабырханқызы.

Гүлхан Сабырханқызы «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін оқытуда әдіснамалық негіздердің мазмұны мен құрылымына талдау жасап, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары бойынша әр мұғаліммен жеке жұмыстар жүргізуде. Әсіресе, бізге өзге ұлт өкілдерін оқытуда Жалпыеуропалық тіл құзіреттілігін бағалау жүйесі (CEFR) бойынша сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталған деңгейлік тапсырмаларды құрастыртып, осы жұмыстарды  оқушымен жүргізе білу әдістерін үйретуде. Курсқа қатысушылар «Құрастыру», «Бейсбол», «Кешенді кесте» тәсілдерін оқу мақсатына сәйкес тиімді қолдануды еркін меңгеріп жүргендіктерін айтты.

Курс барысында құнды пікірлер айтылып, түрлі әдістерді меңгеріп, топпен, жұппен, жеке жұмыстар жүргіздік. Болашақта курстан алған білімімді тіл үйретуде қолданамын. Ауданымызда ұйымдастырылған курста Гүлхан Сабырханқызының тыңдаушысы болғаныма дән ризамын.

Осындай мұғалім біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырып жүрген «Өрлеу» институтына және ондағы білікті де білімді тренерлерге, аудандық білім бөліміне алғысымыз шексіз!   

Итжанова Әлия Құлмырзақызы, курс тыңдаушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.