Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы тоталитарлық жүйенің кесірінен жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақстанға жер аударылғаны, тарихтан белгілі. Олар құтты мекендерінен күштеп көшіріліп, бұрын-соңды естіп-білмеген жерге келуге мәжбүр болды. Дегенмен, қазақ халқы өзге елден келгендерді шеттетпей, бауырына басты. Халқымыздың кең пейілінің, дархан көңілінің арқасында Қазақстан жүз мыңдаған этнос өкілдері үшін Отанына айналды.
Кешегі тар заманда қазақ елінен, оның ішінде киелі Қордай топырағынан бақытын тапқандардың бірі – Мамедовтар әулеті. Қордай ауданының тұрғыны Хансвар Мамедовтың әке-шешесі 1937 жылы Әзербайжаннан Қазақстанға депортацияланған. Мамыражай күн кешіп жатқан оларды бір түнде пойызға тиеп, беймәлім бағытта жөнелткен. Ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген отбасының жан сақтауы қазақ халқының жанашырлығының, бауырмалдығының арқасында ғана мүмкін болды. «Қараша айының соңы, күн суық, қақаған аяз. Түн ортасында үстімізге іліп үлгерген киіммен кете бардық. Терезесі жоқ тауар тиейтін вагондармен алып келді, не ішерге тамақ, киерге киіміміз болмады. Аштықтан, суықтан қиналып, жан тапсырғандар да болды. Қазақстанға келген соң, еш жағдайы жоқ барақ үйде тұрдық. Сол кездегі қазақ халқының көрсеткен көмегінің арқасында тұрмысымыз түзелді. Қазақтар өздері де аштық нәубетін, қуғын-сүргін қасіретін басынан өткізсе де, бізді сыртқа теппеді, қолындағы соңғы нанын бізбен бөлісіп, ең ауыр сәттерде қолдарынан келгенше көмектерін аямады, деп айтып отыратын анам»,-дейді анасының көзі тірісінде айтқан естеліктерімен бізбен бөліскен отағасы.
Хансвар Мамедовтың анасы Шахбаин Мамедова жарынан ерте айырылған. Тағдыр сынына ұшыраса да, мойымай бес баланы жалғыз өзі аяққа тұрғызды. Георгиевский қызылша совхозында жергілікті тұрғындармен бірге жұмыс істеген. «Анамыз еңбекқор жан еді. Ұл-қыздарына лайықты тәлім-тәрбие беріп, қатарынан қалдырмай жетілдірді. Маған да ене ретінде көп нәрсе үйретіп кетті», — дейді Хансвар Мамедовтың жұбайы Лейла Аллавердиевна.
Лейла Аллавердиевнаның ата-анасы да тарихи отанынан күштеп жер аударылған азаматтар. Анасы – Грузиядан, әкесі – Әзербайжаннан көшіп келіпті. «Менің анамның отбасы Грузияда бай-қуатты тұрған әулеттердің бірі болған екен. Саяси қуғын-сүргіннің кесірінен бар жиған-терген мүліктерін сол жерде тастап кетуге мәжбүр болыпты. Күштеп жер аудару кезінде адамдар Қазақстан әр жеріне тарыдай шашырап, көпшілігінің туыстық байланыстары үзіліп қалды. Жолда қаншама қиындық көріп, арып-ашып қазақ жеріне аман-есен жетіпті. Бірақ жолда тиген суығы бар, келгеннен кейінгі өткен сыз бар, содан анамның әпкесі сырқаттанып көп ұзамай қайтыс болған екен… Грузияда климат басқа, мұнда дәл қақаған аязда жеткен. Әжемдер тіпті, пеш жағуды да білмеген. Жергілікті тұрғындар бәрін үйретті, көрпе-жастықтарымен бөлісті деп айтып отыратын», — дейді Лейла Мамедова.
Хансвар Мамедов пен Лейла Аллавердиевна көп жылдар бойы Бетқайнар ауылында тұрған. Отанасы ауылдық ауруханада медбике болып қызмет атқарған. Екеуі ұл-қыз өсіріп, қазір сол перзенттерінен тараған немерелерінің қызығын көріп, ардақты ата-әже болып отыр. Бүгінде жергілікті халықпен біте қайнасып, осы топыраққа әбден сіңген олар: «Қазақ халқының бауырмалдығын, қонақжайлығын әрдайым сөз арасына қосып отырамыз. Артымыздан еріп келе жатқан ұрпағымыз қазақ ұлтының олардың ата-бабаларына көрсеткен қамқорлығын ұмытпаса екен дейміз. Қазақстанда тұрып жатқандықтан, қазақ халқын, оның тілін құрметтеуіміз қажет. Біздің балалардың бәрі қазақ тілін біледі. Ұл-қыздарымыз осы қазақ жерінде дүниеге келді, қазір өніп-өсіп жатыр, Аллаға шүкір. Сол үшін қазақ халқына біз шын жүректен алғыс айтамыз. Елімізде тыныштық болып, береке-бірлігіміз арта берсін»,-дейді ақ жарқын жандар.