Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды шетелде қауіпсіз және ашық жұмысқа орналастыру арналарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды baq-orda.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасын оңтүстіккореялық Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосуға ерекше назар аударылуда. Бұл бағдарлама шетел азаматтарына Корея Республикасында жұмыс күші тапшы салаларда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
EPS-ке қосылу процедурасы үш кезеңнен тұрады. Қазақстан бірінші кезеңді – ішкі мемлекеттік келісуді сәтті аяқтады. Қазіргі уақытта еліміз екінші кезеңде – EPS орталығын ашуға арналған нысандармен танысу үстінде. Осы кезеңнің нәтижелері түпкілікті шешім қабылдау кезінде ескерілетін болады.