Жақында Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең мықты промоушен саналатын Naiza-ның 48-ші аралас жекпе-жектен халықаралық турнирі өткен болатын. Аталмыш турнирде бақ сынаған жерлесіміз Қазбек Сағын кештің басты жекпе-жегіне шығып, чемпион атанды.
Жарысқа Қазақстан, Ұлы-британия, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Жапония, Бразилия, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген спортшылар қатысып, кім мықтыны анықтаған болатын. Жалпысы 24 спортшы қатысып, 12 жекпе-жек өткен турнир деңгейінің өте жоғары болғанын атап өтуде аталмыш сала мамандары.
Кештің басты жекпе-жегінде Naiza лигасының белбеуі үшін 53 келіге дейінгі ең жеңіл салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы, қоян-қолтық жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Қазбек Сағынға британдық файтер Джон Шинк қарсы тұрды. Ерекше әсерлі жекпе-жектің екінші бөлігінде қарсыласын қылқындыру әдісімен ұтқан «DAR Team» кәсіби клубының жауынгері Қазбек Сағын чемпиондық белбеу иегері атанды.
Қазбек өзінің тарихи жеңісін Мемлекет басшысына арнағанын айтуда.
«Командаға, өз бапкерім Азиз Разыевке алғыс айтамын. Біз нағыз батыр халықпыз. Елдің атын әлемге паш етуге дайынмын. Бүгінгі жеңісімді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, әскери міндетін орындап келген азамат ретінде еліміздің Бас қолбасшысына арнаймын», — деді Қазбек Сағын. Сондай-ақ, жаңа чемпиондық белбеу иегері өзінің отбасы мен ата-анасына жарыс жолында жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Naiza 48 турнирінде Дастан Амангелді, астрахандық қазақ Серік Разғалиев және ММА-дан үш дүркін әлем чемпионы Бағдат Жұбаныш керемет ойын көрсетті.
«Біздің ең өзекті мақсаттарымыздың бірі — өңірлерде спортты дамытып, қолдау. Naiza-ның Ақтөбеде өтуі спортсүйер жастарға үлкен серпін береді. Ал бұл — өңірлердің әлеуметтік дамуының маңызды бөлігі. «Төбелескің келсе — рингте» аясында біз қоғамның әлеуметтік осал топтарына жататын жастарға әлеуметтік саты бола алатын кәсіби спорт бар екенін айтқымыз келеді. Олардың көшеге шығып төбелескенін емес, бір кездері өздерін таба алмай, бірақ спортпен айналысып, нәтижесінде белгілі бір жетістікке жеткен, бүгінде әлемнің жетекші лигаларында өнер көрсетіп жүрген табысты жауынгерлерді көргенін қалаймыз», — деді Naiza президенті Нұрбек Қарабала.
Еске сала кетсек, Қазбек Сағын 1993 жылы Қордай ауылында дүниеге келген. 2015, 2017, 2018 жылдары панкратионнан Президент кубогінің иегері. 2014 жылы Түркия қаласында өткен Панкратионнан Әлем чемпионы. 2015 жылы Мәскеуде өткен жекпе жек сайысы спорт түрінен күміс жүлдегер атанса, 2017 жылы аталмыш турнирдің жеңімпазы атанған. 2018 жылы Кишиневта өткен қоян-қолтық жекпе-жектен Дүниежүзілік Кубок иегері. 2019 жылдың маусым айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен қоян-қолтық жекпе-жектен әлем чемпионатында 55 салмақ салмақ дәрежесінде жеңімпаз болып, әлем чемпионы белбеуіне ие болған. Қазақстанның панкратионан төрт дүркін чемпионы. Қоян-қолтық жекпе-жектен түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, панкратионнан халықаралық дәрежедегі, самбодан әмбебап жекпе-жек түрінен спорт шебері.
Жерлесімізді жарқын жеңісімен құттықтаймын!
Жандос ОМАРОВ
Қазбек Сағын – чемпион
Next Post