Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезең – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, мазмұны мен маңызы жағынан аса салмақты жылдар екені анық. Бүгінде біз тұрақтылық пен тыныштық орнаған, ынтымақ пен бірлік нығайған, әлеуметтік-экономикалық даму қарқын алған Қазақстанда өмір сүріп отырмыз. Осындай жетістіктердің артында жүйелі реформалар мен тың бастамалардың жатқанын атап өткен жөн. Солардың бірі – қазынашылық жүйенің қалыптасуы мен дамуы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасын қалыпқа келтіру, қаржы жүйесін нығайту аса маңызды міндеттердің бірі болды. 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгізілуі ел тарихындағы айтулы оқиғаға айналды. Бұл – қаржылық дербестіктің негізін қалаған қадам еді. Сол кезеңде Қордай ауданындағы кассалық-есеп айырысу орталығы жеті тәулікте бұрынғы рубльді теңгеге айырбастау жұмыстарын сәтті жүзеге асырды. Қаржы саласының мамандары үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып шықты.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жанынан қазынашылық басқармасының құрылуы – бюджет қаражатын тиімді басқарудың жаңа кезеңін ашты. Ал 1995 жылы Ұлттық банктің есеп-айырысу кассалық орталықтары қазынашылық жүйесінің негізінде құрылған Бюджеттік банктің қарауына берілді. Бұл қадам қаржы ағындарын орталықтандыруға және бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.
Кейінгі жылдары қазынашылық жүйе үздіксіз жетілдіріліп отырды. 1998 жылдан бастап бюджетті атқару қызметтері аумақтық қазынашылық органдарына беріліп, олардың жауапкершілігі артты. Ал 2003 жылы заманауи «Oracle» платформасына негізделген ақпараттық жүйенің енгізілуі қаржы операцияларын автоматтандыруға жол ашты. Бұл өз кезегінде ашықтық пен тиімділікті арттырды.
Сандық технологиялардың дамуы қазынашылық қызметіне де жаңа серпін берді. 2012 жылы «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесінің іске қосылуы мемлекеттік мекемелерге қаржы құжаттарын электронды түрде жолдауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде құжаттарды өңдеу уақыты айтарлықтай қысқарып, қызмет сапасы артты. Бүгінде қаржылық құжаттар небәрі бірнеше сағат ішінде өңделеді, ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі жақсарту көзделіп отыр.
Қазынашылық – тек қаржы қозғалысын бақылаушы орган ғана емес, ол мемлекеттік тұрақтылықтың тірегі, экономикалық қауіпсіздіктің кепілі. Ел қазынасының дұрыс басқарылуы – халықтың әл-ауқатының артуына, әлеуметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына негіз болады.
Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындап, өркениетті елдер қатарынан көрініп отыр. Бұл – ел экономикасының беріктігі мен қаржы жүйесінің тұрақтылығының нәтижесі. Қазынашылық саласының дамуы осы жетістіктердің маңызды құрамдас бөлігі екені сөзсіз.
Жақында ғана аталып өткен мейраммен барша жерлестерді құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, мемлекетімізге өркендеу тілейміз. Қазынамыз толығып, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
М.АБСАЛИМ, Қордай аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары