Бейсенбі күні аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық -демографиялық саясат жөніндегі комиссияның II отырысы өтті. аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Қарабаевтың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібіне үш мәселе шығарылып, оның біріншісі бойынша, яғни Қордай, Кенен ауылдық округтеріндегі әйелдер кеңесі төрайымдарының 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы хабарламашылардың баяндамалары тыңдалды.
Ең алдымен Қордай ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы К.Дауткулова баяндама жасады. Ол жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта жоспарға сай тиісті шаралар жүргізілетінін жеткізді. Осыдан кейін Кенен ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы К.Монтанаева сөз алды. «Жоспарға сәйкес әр тоқсан сайын кеңес мүшелерімен, аналармен, зейнеткерлермен және жас отбасылармен кездесулер өткізілді. Жиын барысында отбасылық ажырасудың алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүргізілді»,-деген баяндамашы ауылдық әйелдер кеңесі мереке сайын іс-шаралар ұйымдастыруды, абаттандыру жұмыстарын, балалар арасында зорлық-зомбылыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын назардан тыс қалдырмайтынын айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық орталық аурухананың әйелдерге кеңес беру бөлімшесінің меңгерушісі Ш.Усербаева «Жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты сақтау, оның ішінде жыныстық қатынасқа ерте түсудің профилактикасы, отбасын жоспарлау, контрацептивтік құралдарды пайдалану, қаламаған жүктіліктің алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары» тақырыбында баяндама жасады.
«Қордай ауданы бойынша жалпы әйелдер саны – 72509. Бала тууға қабілетті жастағы әйелдер саны – 32546ғ яғни 45 %. 2023 жылдың 9 айының өзінде жүктілігі бойынша 29 жасөспірім есепке алынды. (17 жастағы – 23 қыз, 16 жастағы – 5қыз, 15 жастағы – 1 қыз) Ал 2022 жылдың 9 айында 26 (0,66%) қыз есепке алынған болатын. Егер талдайтын болсақ : Соңғы 5 жылда Үлкен Сұлутөр ауылында ғана жасөспірімдер жүктілігі тіркелмеген. Басқа ауылдарда 1 жағдайдан болса да тіркеліп отыр. Бірдей деңгейде ұсталып тұрған: Қордай, Жамбыл , Қайнар, Бетқайнар ауылдары. Соңғы 2 жылда жасөспірімдер жүктілігі айтарлықтай азайған – Сортөбе ауылында. Ал Масаншы, Аухатты, Бұлар батыр ауылдарында жасөспірімдер жүктілігі көбейген, соған қарағанда тұрғындармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткіліксіз сыңайлы»,-деген дәрігер аудан бойынша жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өткізілген іс-шараларға тоқталып, бұл қоғам болып жұмыла күресетін өзекті мәселе екендігін атап өтті.
Осыдан кейін Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы м.а Ғ.Әлімжанов мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды, оның ішінде үйде оқитындармен (ерекше қажеттіліктері бар), аз қамтылған отбасылардан шыққан, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратын балаларды қосымша біліммен, спорт секцияларымен және үйірмелермен барынша қамтуды қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды. «Қордай ауданы бойынша балалар-жасөспірімдерге арналған 3 спорт мектебі және №1 балалар жасөспірімдер дайындығы клубы жұмыс істейді. Аталған мекемелерде жалпы 2203 балалар мен жасөспірімдер спорттың 33 түрі бойынша спорт секцияларымен қамтылған. Жаттықтушылар саны -73. Сонымен қатар, спорт мекмелері «Қиын» топтағы 18 және «Жайсыз» отбасынан шыққан 39 балалармен жұмыс жасайды. Мүмкіндігі шектеулі балалармен арнайы мекемелермен бірлесіп спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады»,-деді баяндамасында.
Жиынды қорытындылаған ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Қарабаев өзектілігі жоғары бұл мәселелердің әрқайсысымен қоғам болып жұмыла күресуіміз қажет екендігін тілге тиек етіп, күн тәртібінде талқыланған сұрақтар бойынша жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігін жеткізді.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі барлық мәселелер толығымен қаралып, жауапты тұлғаларға хаттамалық тапсырмалар берілді. Атап айтатын болсақ, ауылдық округ әкімдеріне, әйелдер кеңесінің төрайымдарына әйел азаматшаларына қатысты туындаған мәселелер бойынша комиссияға уақтылы хабарлау, әйелдер кеңесінің жұмысын жандандыру, кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын әзірлеу сынды тапсырмалар жүктелсе,
Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбековке білім беру ұйымдарында балаларға қатысты ерте жүктіліктің, қатыгездік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту, аудандық орталық ауруханамен бірлесе отырып, білім беру мекемелерінде балаларға қатысты ерте жүктіліктің алдын алу бойынша кездесулер, жиындар, тәрбие сағаттарын ұйымдастырып өткізу тапсырылды. Аудан әкімідігінің спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ғ.Алимжановқа мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды спорт секцияларымен және үйірмелермен барынша қамтуды қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыру жүктелді.