Елімізде есірткінің дәмін татып көргендердің ең жасы 11-де екен. Көзіңізге ине ұстаған бала елестеді ме? Жоқ, олай емес. Соңғы уақытта ләззат іздегендердің арасында синтетикалық есірткі сұранысқа ие. Иіскейді, сорады, бәрі «тамаша болады». Қазір нашақорды инесінен емес, бейнесін танудың өзі қиын.
ТӘУЕЛДІЛІК ҺӘМ ТӘУБАҒА КЕЛУ
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және алдын алу шаралары талқыланды.
«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақованың мәліметінше, елімізде 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың маусымы аралығында жастар арасында есірткіні қолдану жөніндегі ұлттық зерттеу (ESPAD) жүргізілген. Зерттеудің негізгі мақсаты – тұтынудың клиникалық, әлеуметтік-эпидемиялық себептерін анықтау және 13-18 жас арасында есірткі заттарын қолданудың таралуын зерттеу. Зерттеу жұмыстары мектептер мен орта арнаулы оқу орындарының оқушыла¬рын, яғни 13-18 жас аралығындағы қыз бен жігітті (9111 бала) қамтыған. Оған сәйкес психоактивті затқа тәуелді болып тіркелгендердің ең жасы 13-те болса, есірткінің дәмін алғаш рет татып көрген баланың жасы 11-де екені анық-талыпты. «Денсаулық сақтау министрлігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және жергілікті атқарушы органдар есірткі тұтынудың алдын алу, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда», деді Ж.Қалмақова.
Әрине, ешбір орган «қол қусырып қарап отырмыз» деп айта қоймас. Анығы сол, соңғы уақытта кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың күрт өскені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбековтің айтуынша, жағымсыз көрсеткіштің себебі көп.
– Жасөспірімдер мен жастардың есірткінің денсаулыққа зиянды әсері туралы хабардар болмауы, синтетикалық құралдардың қолжетімділігі жағ¬дайды ушықтыруда. Бұл ретте жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі құралдарын қолданудың алдын алудың негізгі бағыттары айқындалған. Біріншіден, әрбір психикалық денсаулық орталығында сенім телефондары, онлайн психотерапиялық және психологиялық көмек көрсету бойынша ақпараттық ресурстар жұмыс істейді, онда білікті мамандар кеңес береді.
Қазіргі уақытта медициналық-әлеуметтік көмекке мұқтаж халыққа бірыңғай Call-орталық арқылы халыққа консультативтік, психологиялық қолдау көрсету үшін Психикалық денсаулық қызметінің байланыс орталығын құру жұмыстары жүргізуде. Аталған орталық елдің барлық психикалық денсаулық орталықтарын біріктіретін болады. Өңірлік психикалық денсаулық орталықтарында есірткіге тәуелді пациенттерді медициналық-әлеуметтік оңалтудың үш кезеңдік бағдарламасы бар бөлімшелерді кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Онда есірткіге физика¬лық тәуелділіктен арылуға, әлеуметтік дағдыларды қалпына келтіруге, сондай-ақ есірткіні қайта пайдалануға төзімділікті қамтамасыз ететін жеке қасиеттерді дамытуға бағытталған медициналық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бөлімшелерде өздері тәуелді болған және өз тәжірибесіне сүйене отырып, пациенттердің сауығуына көмектесетін адамдар жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бүгінде үш кезеңді оңалту 7 өңірде жұмыс істейді: Ақмола, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстарында және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында. Қазан айында бөлім Солтүстік Қазақстан облысының психикалық денсаулық орталығында ашылады, – дейді Қуаныш Алтынбеков.
Бұдан бөлек, елімізде 10-24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медико-психоәлеуметтік көмек көрсететін жастар денсаулық орталықтарының желісі ашылған. Мұнда жастар есірткі заттарын ғана емес, темекі шегудің, алкогольді тұтынудың профилактикасы бойынша кеңес ала алады. Бүгінгі таңда облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларының деректері бойынша 182 жастар денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Онда жедел желі іске қосылған, есірткі заттарын, алкогольді немесе темекіні қолдана бастаған жасөспірімдер мен жас¬тарға тәулік бойы психологиялық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жастар денсаулық орталықтарының психологтері мотивациялық кеңес береді, яғни әлі тәуелділігі жоқ жасөспірімдермен тренингтер өткізеді.
ЖАРНАМА ЖАСАУ ДА ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударып, бұл тура¬лы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жеке тоқталады. Бұл мәселе Үкіметтің әрдайым бақылауында. Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, арнайы жол картасы да қабылданған. Қоғамның дертіне айналған түйткіл биліктің заң шығарушы тармағы тарапынан да назардан тыс қалған жоқ, көптеген депутаттық сауал жолданып, бірқатар заңға өзгеріс енгізілді.
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың мәліметінше, жыл басы¬нан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 1 700-ге жуық қылмыс тіркелген. Оның ішінде өткізу фактілері 1 055, аса ірі мөлшерде сақтау фактілері – 262. Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы – шамамен 333 кило. Жалпы есірткінің салмағы – 4 тоннадан астам.
– Қазақстанға синтетикалық есірткінің түрлері 2015 жылдан бастап келе бастады. Синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күрес жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде 2017 жылы 6 кило есірткі тәркіленсе, былтыр бұл көрсеткіш 140 килоға жетті. Ішкі істер органдары жыл басынан бері 87 кило синтетикалық есірткіні тәркіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Қазақстан мен Ресейдің құқық қорғау органдары екі елдің аумағында синтетикалық есірткілерді жеткізудің трансұлттық арнасына тосқауыл қою бойынша арнайы операцияны аяқтады. Бұл іс-шара өткен жылдың соңынан осы жылдың сәуір айына дейін өткізілді. Бір мезгілде жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Омбы мен Таразда синтетикалық есірткінің негізгі жөнелтушісі және Қазақстанда оларды қабылдап алушы ұсталды. 260-қа жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Оның жалпы сомасы 9,5 млн АҚШ долларына тең. Ал дозамен айтсақ, миллионнан асып кетеді. Операция кезінде 13 адам ұсталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – дейді Бақытжан Әмірханов.
Әрине, кеселдің алдын алу үшін заңды күшейту маңызды. Осы ретте соңғы бірнеше жылда ұлттық заңнама айтарлықтай пысықталған. Атап айтсақ, 2019 жылы нарықта пайда болып жатқан есірткілер тізімі заңмен емес, қаулымен бекітілетін болды. Жалпы тізімге есірткінің 117 түрі енді. Бұрын интернет ресурстар арқылы сату тармағы болмаған. Осыған орай, қылмыстық кодекстің 297-баптың 3-тармағының 5-бөлігіне өзгеріс енгізілді. Есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін де жаза тағайындалған. Мәселен, жыл басынан бері ішкі істер органдары 150 фактіні тіркеген. Оның 79-ы жарнама бойынша 153-і интернет арқылы сату дерегі.
Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер пір тұтатын рэп әншілерінің мәтіндерінде есірткі жайлы сөз көп кездеседі. Есірткінің түрі тілге тиек етілетіні былай тұрсын, оны қалай қолданатыны жайлы жария қылатын әншісымақтар аз емес. Бақытжан Әмірханов ондай фактілер тіркелсе, әншілер жазасыз қалмайтынын жеткізді.
– Өткен жылдың қыркүйек айында Үкімет қаулысымен аса қауіпті заттардың «криминалдық» мөлшері азайтылды. Оған сәйкес мефедрон, пировалерон және сол сияқты заттар 3 грамнан 1 грамға дейін, синтетикалық каннабиноидтар 50 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді. Яғни ендігі жерде 1 грамм зиянды затты алып жүрудің өзі ауыр қылмыс болып табылады. Тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді сату мақсатынсыз сақтағаны үшін мұндай заттардың 1 грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайды, – дейді Б.Әмірханов.
Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірумен айналысатын пысықайлар аз емес. «Қуаты күшті» өсімдікті баптау көбіне Қызылорда облысында ыңғайлы екен. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде сабағы төрт метрге дейін жететін үнді марихуанасының бүкіл түрлері өсірілетін көрінеді. Мұндай алқаптарды баптау үшін «жұмысшылар» мамыр-қазан айлары аралығында үздіксіз еңбек ететін көрінеді. Інге тығылған суыр сияқты қажетті азық-түлік қорын жеткізіп алып, алаңсыз іске кіріседі екен. Құқық қорғау органдары жыл сайын 60-қа жуық суармалы плантацияны анықтайтынын жеткізді. Арнайы операциялар жыл сайын өткізіледі. Атап айтсақ, «Қарасора» іс-шарасы 1 маусымнан 30 қазанға дейін ұйымдастырылады. Бұл іске Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі, «Ғарыш сапары» АҚ мамандары жұмылдырылып, бірлескен жұмыстың нәтижесінде ірі қылмыстардың беті ашылуда.
Мамандар нашақорлық диагнозымен динамикалық бақылауда тұрған адамдар саны жылдан-жылға азайып жатқанын айтады. Бірақ, бұл – есепте тұрған азаматтардың «үлесі». Шын мәнінде, ата-аналар балаларын мемлекеттік емдеу орталықтарына апаруға құлықсыз көрінеді. Тіпті баласының нашақор екенін мойындағысы да келмейді. Есепке тұрса, екі қолға бір күрек таба алмай, қоғамнан шеттетіледі деп ойлайды. Сөйтіп, жеке емдеу орталықтарын жағалап жүреді екен. Елімізде есірткіге қатысты ахуал осындай…
Оралхан АХМАДИЯ