ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМДІ АРТТЫРУ

0

«Дүниежүзілік сайлау күніне» орай Қордай ауданында бірқатар іс-шаралар өтті. Негізгі мақсаты – сайлау институтына деген қоғамдық сенімді арттыру, азаматтардың сайлау-құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ сайлау үдерісінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ұйымдастыру барысында заң үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, инклюзивтілік, кәсібилік пен алқалылық қағидаттары басшылыққа алынды.

26 қаңтар күні Қарасу ауылындағы №53 орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен «Сайлау үдерісіндегі заң үстемдігі – әділдіктің кепілі» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Кездесуге Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев және Қарасу ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Каримов қатысты.

28 қаңтарда Ноғайбай ауылындағы Ауылшаруашылық колледжінде студенттермен кездесу ұйымдастырылып, оған Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев, Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Е.Ешмұрат және Қордай ауданының мәслихатының депутаты Д.Кенжебеков қатысты. Кездесу барысында сайлау жүйесіндегі тәуелсіздік, ашықтық және заңдылық қағидаттары кеңінен түсіндірілді.

29 қаңтар күні Қордай ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 10–11 сынып оқушыларымен «Ашық сайлау – қоғам сенімінің негізі» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев және «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті, студенттік «Парламент» ұйымының президенті А.Құлпыбай қатысты.

Ал, 4 ақпанда Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев пен комиссия хатшысы Г.Ниязгулова қатысуымен Қордай ауылындағы М.Х.Дулати атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен «Инклюзивті сайлау – баршаға тең мүмкіндік» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Кездесулер мен дөңгелек үстел барысында қатысушыларға Дүниежүзілік сайлау күнінің маңызы, сайлау жүйесінің қалыптасу тарихы, демократиялық мемлекеттердегі сайлау институтының рөлі және Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, заң талаптарын сақтау әділ әрі ашық сайлаудың басты кепілі екені атап өтілді.

Іс-шаралар аясында оқушылар мен студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сайлау құқықтары мен міндеттері бойынша толық мәлімет алды. Кездесулер қорытындысы бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелері жастардың сайлау жүйесіне деген қызығушылығының артқанын және азаматтық-құқықтық көзқарастарының қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.