ҚОҒАМДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚОРҒАНЫ

0

Маусым айындағы кәсіби мерекелердің бірі – Қазақстан полициясы күні. Биыл Қазақстан Полициясының құрылғанына 33 жыл толуда. Елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында, Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асхат АЛМЕТОВПЕН сұқбаттасудың сәті түсті.

Полиция қызметкері болу үшін білім, білік, білек және сабыр, төзім әрі қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті аталмыш саланың қызметкерлеріне керекті басты қасиеттер. Еліміздегі полиция қызметкерлері өзінің кәсіби міндеттерін орындау барысында азаматтардың құқықтарын қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтауда, заңдылықты қамтамасыз етуде, сондай-ақ, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елеулі жұмыстар атқарып, қоғамның тыныштығын сақтау жолында тер төгіп келеді.

Міне, бүгін осындай талап үдесінен шығуды басты мақсат еткен, Қордай ауданы полиция бөлімінің басшысы Асхат Аманқұлұлы – Меркі ауданына қарасты, Тәтті ауылында дүниеге келген. Ол 1999 жылы М.Мәметова атындағы ауылдық орта мектепті аяқтайды. Содан, аталмыш жылы Тараз қаласындағы Орталық-Азия университетіне қабылданып, 2003 жылы «құқықтану» мамандығын меңгеріп шығады. Отан алдындағы борышын өтеу ер жігіттің міндеті екендігін естен шығармаған кейіпкеріміз, 2003-2004 жылдар аралығында Ішкі әскер қатарында мерзімді борышын өтейді.

Асхат Алметовпен сұқбаттасу мүмкіндігі туындағандықтан, біз білім алу тәжірибесі, құқық қорғау саласындағы қызмет жолы жайында сұрап білдік.

«Алғашқы еңбек жолымды 2005 жылы Шу ауданы полиция бөлімінің, Есірткіге қарсы күрес бөлімшесінде жедел уәкіл лауазымынан бастадым. Араға төрт жыл салып 2009-2010 жылдар аралығында аға жедел уәкіл, 2010-2011 жылдары бөлімше бастығы, 2011-2013 жылдары бөлім бастығының есірткіге қарсы күрес бойынша орынбасары, 2013-2016 жылдары ауданаралық есірткіге қарсы күрес бөлімшесінің басшысы болып жауапты қызметтер атқардым. Сонымен қатар, 2016-2024 жылдар аралығында облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, Сарысу ауданы полиция бөлімінің басшысы, Шу ауданы полиция бөлімінің басшысы болдым. 2025 жылдың наурыз айынан бастап Қордай ауданы полиция бөлімінің басшысы лауазымында жауапкершілік жүгін арқалап келемін», — дейді полиция басшысы.

Халыққа қызмет ету тек кәсібилікті ғана емес, мықты рухты да талап ететіндігі рас. Жастайынан спортты жанына серік еткен Асхат Аманқұлұлы бұл салада да біршама белестерді бағындырған. Соның дәлелі ретінде, кейіпкеріміздің есімі Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешені аумағында ашылған «Даңқты спортшылар алаңы» Құрмет тақтасына таңбаланған. Алаңға қойылған Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан 145 даңқты спортшы мен еңбегі сіңген 96 жаттықтырушының есімі жазылған. Олардың қатарында: Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмәділов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды спорт саңлақтары бар.

Толығырақ айтсақ, Асхат Аманқұлұлы бала кезден спорттың кикбоксинг, қоян-қолтық күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында, Халықаралық турнирлерде, Әлем чемпионаттарында сынға түсіп, бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері атанған. Ол қоян-қолтық күрес түрінен спорт шебері болса, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Спорт саласында жеткен жетістіктерінің бірегейі – 2003 жылы кикбоксинг спорт түрінен Греция астанасы Афинада өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.

Тыныштық пен қауіпсіздік үшін өмірлерін құрбан ететін тәртіп сақшыларының қызметтік уақыты қызық пен өкінішке толы. Өйткені, адамдардың кейде жауыздықпен бір-біріне жасайтын қатыгез әрекеттері оларды да бей-жай қалдырмайды. Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, Отанға деген адалдық пен шаңырақ шаттығын таразы басында тең ұстау, береке мен бірлікті сақтау – бүгінгі полиция қызметкерлерінің басты парызы.

Бізбен сұқбат барысында полиция басшысы барша әріптестеріне мерекелік құттықтау тілегін жеткізді:

«Құрметті полиция қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді 23-маусым полиция қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл атаулы дата – ел ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген барлық полиция қызметкерлері үшін айрықша маңызы бар күн. Бұл – халықтың тыныштығын күзетіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жанқиярлықпен қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларына алғыс пен құрмет білдіретін күн. Сонымен қатар, бұл – қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әріптестерімізді еске алатын тағылымды, қастерлі күн. Қиындығы мен жауапкершілігі мол осы салада табандылықпен еңбек етіп жүрген баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасылық амандық және қызметтік табыс тілеймін», — деді ол.

Әрине, өз өміріне қауіп төнсе де, өзге адамдарға көмек қолын созатын аталған сала қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Біздің мақсат – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істеріңіз көп болсын демекпіз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.