ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҮЛГІЛІ ЕҢБЕГІ

0

Таза табиғат – ұлт денсаулығының кепілі. Осы ұстанымды ту еткен қоғамдық жұмысшылар мен эколог мамандар табиғатты қорғау жолында елеулі іс тындыруда. Алматы облысы мен Жамбыл облысының шекарасынан бастау алып, Қордай ауылына дейін созылған тас жолдың бойында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары кең көлемде жүргізілді.

Бұл бастама — жергілікті әкімдіктер мен ауылдық округтердің табиғатты қорғау бағытындағы жүйелі жұмысының бір көрінісі. Жобаны іске асыруда экология саласының мамандары мен қоғамдық жұмысшылар үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп, қоршаған ортаға жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Аптап ыстыққа, жол бойының шаңына, ауыр еңбекке қарамастан, қоғамдық жұмысшылар өз істеріне ерекше ынтамен кірісті. Олар тек жол жиегін қоқыстан тазартып қана қоймай, қураған шөптер мен бұталарды шауып, қоршаған ортаны экологиялық тұрғыдан қауіпсіз етуге күш салды. Сонымен қатар, жиналған қалдықтар арнайы орындарға жеткізіліп, реттелген түрде жойылды.

Осы жұмыстар барысында қоғамдық жұмысшылар тұрғындармен кездесіп, қоршаған ортаны қорғау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын да белсенді жүргізді. Қоқысты кез келген жерге тастамау, табиғи ресурстарға ұқыппен қарау, көгалдарды таптамау және ағаш отырғызу сынды қарапайым, бірақ маңызды дағдылар туралы түсіндірме жұмыстары өткізілді. Бұл — халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматы қоршаған ортаға деген жауап-кершілікті терең сезініп, туған жердің тазалығын сақтауға өз үлесін қосуы қажет. Қоғамдық жұмысшылардың еңбегі — тек бір күндік науқан емес, бұл — қоғамды тәрбиелеудің, ұрпақ санасына экологиялық мәдениетті сіңірудің нақты жолы.

Мұндай жұмыстар жүйелі түрде әрі тұрақты жүргізілетін болса, еліміздің экологиялық ахуалы да жақсарып, келер ұрпаққа көркем де қауіпсіз табиғи орта қалдыратынымыз анық.

Таза қоршаған орта – өз қолымызда!

Leave A Reply

Your email address will not be published.