Кейінгі уақытта газетіміздің әлеуметтік желі парақшасы арқылы ауданда қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру мәселесін алға тартқан оқырмандар саны көбейді. Әрине, 150 мың халқы бар, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан облыста өзге өңірлерден өн бойы алда келе жатқан Қордай үшін бұл мәселенің шешімін табатын уақыт келген тәрізді.
Қазіргі уақытта, заманның дамуына байланысты, адамның өмір сүруіне деген барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Соның бірі, әлбетте, қоғамдық көлік болып табылады. Қордай (өзге ауылдарда тұратын адамдар да) тұрғындарының айтарлықтай көп бөлігі бұл көліктің түріне күнделікті өмірде мұқтаж екені даусыз. Жұмыс, оқу орындарына, басқа да маңызды жерлерге барып-қайту мақсатында қоғамдық көліктің орны бөлек қой. Алайда, өзімізді А пунктінен В пунктіне дейін жеткізіп салатын, қаражат жағынан да тиімді бұл көлік түрін ұйымдастыру мәселесі туындағалы біршама уақыт болды.
Кейінгі кездері ауданның елді мекендерін аралап жүрген аудан әкімі Бегзат Болатбеков халықпен кездесулерде аудан бойынша қоғамдық көлік ұйымдастыру жұмысы қолға алынғанын айтып келеді. Нақты жұмыстар туралы ақпарат алу үшін аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиевке қайырылған едік:
-Иә, аудан аумағында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, халықтың қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру жұмысы басталып кетті. Қазіргі уақытта мұндай жұмыспен айналысатын арнайы мамандар шақыртылып, ауыл-ауылдарға, сондай-ақ, аудан орталығында көлік қатынасын ұйымдастыру үшін маршруттары жасалып, тарификациясын анықтау жұмысы қолға алынды. Ескерте кетейін, бұл өте күрделі процесс, яғни жүзеге асырылуы ұзақ уақыт алуы мүмкін. Бүгін-ертең шешіледі деп айту қиын, бірнеше кезеңнен тұрады. Әзірге біздің ауданда жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды, — деп түсіндірді Елдос Бекболатұлы.
Қордай ауылдық округі әкімі аппараты мамандарының мәліметі бойынша бүгінгі таңда аудан орталығында 3 бағытта қоғамдық көлік жүріп тұр: бірінші бағыт – «Цемзауыт» ықшам ауданы – орталық аурухана, екінші бағыт – «Самал» ықшам ауданы – орталық аурухана және үшінші бағыт – «Барыс» базарынан Елімай көшесі аралығында қатынайды. Жолақы құны – 100 теңге. Сонымен қатар аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, инвесторлар іздестіріліп, қосымша маршруттар қосу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Яғни, жұмыс қолға алынып, жауапты мамандар оны шешу жолдарымен айналысуда. Демек, тентек мінез таксилерге телмірмей, бағасы жағынан да, қауіпсіздік жағынан да қарапайым халыққа қолайлы болатын қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын кез алыс емес-ау деп сенеміз. Ең бастысы, аудан билігі қордайлықтардың тілегін назардан тыс қалдырмады.
Алуа ТҰРҒАНБАЕВА