«ҚОЙ ҚОЗДАП ҚОРАДА ШУ»

0

Ауданда ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде мал шаруашылығы жылдан-жылға өркендеп келеді. Табиғаты мен қолайлы климаты, кең жайылымдары бұл салаға ерекше серпін беріп отырғаны анық.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қордайда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 33,4 миллиард теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі мал шаруашылығының үлесінде. Бұл – аудан тұрғындарының тынымсыз еңбегі мен жүйелі қолдаудың нәтижесі.

Аудан басшылығы мал шаруашылығын дамыту үшін инвестиция тартуға да айрықша назар аударып отыр. 2024 жылы салаға 2,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 8 ірі жоба іске қосылған.

Қазіргі таңда «қой қоздатып, қорада шу болып жатқан» шақ. Мал төлдету науқанын ойдағыдай өткізу үшін шаруалар барын салуда. Мәселен, Ноғайбай ауылындағы «Мұхамбет» шаруа қожалығын атап өтуге болады. Қой қоздап, жылқылары құлындап, нағыз науқандық кезең өтуде. Қожалықтың іс жүргізушісі Амантай Даниярұлы – нағыз еңбек майданында жүрген жан. Ол ауылды дамытуға еліміздің барша азаматтары осылай атсалысса, болашағымыз жарқын боларына сенімді.

Жамбыл Жүнісқұлов басқаратын «Мұхамбет» шаруа қожалығында қазіргі таңда 420 бас саулық қой бар. Шаруалар «әр 100 саулықтан 100 қозы алуға барлық мүмкіндігіміз бар» дейді. Сонымен қатар олар қазіргі таңда шаруаларға үлкен қолдау көрсетіп отырған аудан басшылығына, ауыл шаруашылығы бөлімі мен ветеринария қызметкерлеріне зор алғыстарын білдіруде.

Осы орайда аудан бойынша мәліметтерге тоқтала кетсек: қазіргі таңда 417 479 бас қой тіркелсе, оның ішінде 150 626 бас саулық мал төлдету науқанына қатысуда. Өткен жылы аудан бойынша әр 100 саулықтан орташа есеппен 72 қозы алынған болса, биылғы жылы қыстың қолайлы болуына байланысты бұл көрсеткіштің артуы күтілуде.

Қордайлық шаруалар – еңбекпен шыңдалған жандар. Төл кәсібін дөңгелетіп отырған ел азаматтары мал басын арттырып қана қоймай, өнім сапасын да жақсартуға күш салып келеді. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.