«Малды бақсаң қойды бақ, май кетпейді шарадан» демекші, ауыл халқы қойдың бағасын енді түсініп келе жатыр. Бұрын қолда бар малды түгел сатып, қалаға қарай ағылатын жұртшылық қазір қорасындағы төрт түлігін көбейтіп, шаруашылық қожасы болуға бет бұруда
Халқымыздың ет және ет өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етуде қой шаруашылығының, оның ішінде етті – майлы бағытының алатын орны ерекше. Қой тұқымдарының ішінде Еділбай қойы ерекше орын алады. Қой асырап оны көбейту – халқымыздың ежелден бергі ата кәсібі. Қой шаруашылығын қолға алып, оны көбейтуді мақсат еткен кейіпкеріміздің кәсібі көпке үлгі. Жамбыл ауылының тұрғыны Бейсенбек Копбаевтың шаруа қожалығы жергілікті ауыл өмірінің шаңырағын қайта жаңғыртып, өңірдің дамуына үлес қосуда. Оның кәсібі – бәсекеге қабілеттілігімен қатар, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білетін шаруашылық. Ол 2022 жылы «Копбаев» шаруа қожалығын құрып, етті бағыттағы асылтұқымды қойларды көбейтуді қолға алған.
«Ауылдың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Мал өсіру де оңай шаруа емес, маңдай терді талап ететін адал кәсіп. Ала жаздай жайлауға айдау, қыста қорадағы қарбалас, мұның барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Осыдан біршама жыл бұрын ауылдықтар бірігіп қойдың кезегіне шықса, қазір өз алдына малын бағып жүргендер көп. Ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары да көбейді. Бүгінде меншігімде 600 бас асылтұқымды Еділбай қойы бар», — дейді Бейсенбек Қарамеңдіұлы.
Асылтұқымды қой тұқымының көбейтілуі тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артқанын білдіреді.
Кейіпкеріміз сапалы ет өндіру арқылы жергілікті нарықта үлкен сұранысқа ие болуда.
Бейсенбек Копбаев – ауылдың еңбек майталманы. Оның қажырлы еңбегі мен табандылығы осы ауылдың әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік саласына жаңа серпін беруде. Өзінің «Копбаев» шаруа қожалығымен ол тек қой шаруашылығымен шектелмей, сонымен қатар, ауылдағы әлеуметтік өмірдің жақсаруына да ықпал етуде.
Қазақ тарихында қай кезде де мал баққан жан көштен озған. «Пәленше деген бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты» деп басталатын ертегілерде, жырларда малы бар азаматтың ауқатты, көпшілікке қадірлі болатынын меңзесе керек. Өйткені, бұл дәулет – адамның төгілген терінің, қажырлы еңбегінің жемісі.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ