Бейсенбі күні Қордай аудандық мәдениет үйінде «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы өкілдерінің қатысуымен тұрғын үй бағдарламалары
бойынша жиын өтті.
Жиынға «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейрманова, бизнесті дамыту бөлімінің маманы Болат Кидиралиев, филиал кеңесшісі Дәурен Арыстанбек және аудан тұрғындары қатысты.
Шараға қатысушы тұрғындар мамандарға бағдарлама мен тұрғын үйге қол жеткізу мәселесіне қатысты сауалдар қойып, өз тілектерін жолдады.
Бизнес дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Жарылқасынқызы қазіргі күнгі бағдарламалармен таныстырып, артықшылықтары мен ерекшеліктері жайын баяндады.
«Негізге алатын жайт – қатысушының «Отбасы Банк» АҚ-да шоттағы бастапқы жарна сомасының қалдығы өтінім беру сәтіндегі қарыз сомасының кемінде 5% мөлшерінде жинақ шотының болуы және қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы шарт. Бүгінде елімізде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға ден қойылғаны белгілі. Мемлекет тарапынан оларға қолайлы жағдай жасау үшін түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жүзеге асуда. Олардың қатарында «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» сынды бағдарламалар бар. «Отбасы банк» арқылы берілетін мұндай ипотекалардың талаптары екінші деңгейлі банктердің қалауына қарағанда әлдеқайда тиімді»,-деді ол.
«Отбасы Банк» АҚ – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ал, аталған жинақ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту және оларға тұрғын үй заемдарын беру арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.