Қолдан келсе құс өсір, табысы оның көл-көсір

0

Құс өнеркәсібіндегі материалдық-техникалық базаны жаңарту, өндірістің шоғырлануымен қатар салалық мамандануды одан әрі дамыту, инновацияның жетістіктерін кеңінен қолдануға және өндірісте өнім өндірудің қарқынын жеделдетуге мүмкіндік мол. Мұның бәрі, өз кезегінде, қысқа мерзім ішінде құс өндірісі кешенінің экономикалық тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берді. Жоғарыда атап өткенімізді қазір кәсіпкерлік жұмысын осымен байланыстырған жандар тиімді пайдалана алып отыр.

Бүгінгі таңда ас мәзіріндегі құс етінің маңызы ерекше. Кейінгі жылдары жылдам әзірленетін тағамдардың дерлігі құс етінен жасалады. Еті жеңіл қорытылады, протеинге бай, емдік ас ретінде де кең талғамда түрлі ас жасалынады. Құс мамығын киім, көрпе-жастық өндірісінде пайдаланса, саңғырығы топырақ құнарлылығын арттыратын тыңайтқыш ретінде кең танымал.  Кәсібін құс өсірумен байланыстырған, ауданымызда іргесін қалаған, бүгінде көпке танымал«Eko-Chicken» АӨК модульді құс фермасы бар.

«Eko-Chicken» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жобалық қуаттылығы жылына 100 тонна құс етін өндіруге жетеді. Бұл жобаға инвестициялық салым көлемі 52 млн теңгені құраған. Аумағы 2,5 гектар болса, құрылыстың жалпы ауданы 675 шаршы метр. Жетекшісі аймағымызға белгілі кәсіпкер Талғат Сәрсембаев. Жақында кооператив жұмысымен Қордай ауданына сапары барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те ат басын бұрып, танысып, өндіріс жұмысына сәттілік тілеген еді.

Жалпы айтар болсақ, іргелі құс фермасының басшылығы дәл осы кәсіппен айналысамын деген шаруаларға қолдау білдіріп, түрлі жеңілдіктер қарастырмақ. Мәселен, жеке кәсіпкер 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, құс фермасына қажетті инфрақұрылымды жасап, келісімшартқа отырса, «ECO Chicken» құс фермасының өкілдері 1600 бас етті балапанды өздері жеткізіп береді. Сондай-ақ, балапандарды емдеуге, дәрі-дәрмек алуға, тамақтандыруға да көмегін тигізбек. Сатуға шығаруға да қолда жасалады. Тұтастай алғанда, шаруалардың міндеті — балапанды баптап, бағып беру ғана.

Осындай істі бастаған жандардың бірі, кәсіпкер Дәметхан Нұрбекова. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы қаржы алып, аталмыш кооператив құрамында жұмысын бастаған.

-Өсірілген тауықты етке жылына алты рет сатылымға шығарамыз. Әзірге барлығы жақсы. Бірнеше адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алдық. Алғашында сату жағыннан қиындықтар туындаған болатын. Қазір барлығы дұрыс жолға қайылды. Ірі қалаларда тұрақты тапсырыс берушілеріміз де бар. Мысалы, Алматыда «ECO Chicken» кооперативінің өз дүкен жұмыс істейді. Әрине, еш нәрсе оңай келмейді. Осы орайда кәсіпкерлікті бастаймын деген, бірақ қажетті сомадағы капиталы жоқ жанға мемлекет тарапынан осындай қолдаулар болғаны үшін үлкен алғысымды айтқым келеді, — дейді кәсіпкер.

Дәметхан Нұрбекованың бұл іспен айналысып бастағына үш жылға жуықтап қалған. Кәсіпкердің айтуынша қазір екінші модульді ферма құрылысын бастапты.

Ал, кооперативтің қазір 21 модульді құс фермасы бар. Оларда 40 мың құс өсірілуде. Ағымдағы жыл соңына дейін қосымша тағы 10 модульді құс фермасы орнатылып, жоба қуаттылығы 1000 тн құс етін өндіруге жеткізу жоспарда бар. Жалпы 2025 жылға дейін қосымша 100 модульді құс фермасы бой көтермек. 27 шағын құс шаруашылығын біріктірген кооператив мүшелері “Ауыл аманаты” жобасы аясында несие алған.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.