Бүгінгі таңда қордайлық іскер азаматтар мемлекеттен берілетін көмектерді мейлінше пайдаланып, жақсы мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге тырысып келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында қолдау көп. Осы мүмкіндікті барынша қолдануға бел буған кәсіпкердің бірі Меруерт Әбсәметова. Ол бүгінде өз кәсібін кеңейтуге ден қойған.
Аудан орталығындағы «Үсен-ұлы» базары жыл санап кеңейіп, тұтынушылар саны да артып келеді. Онда көтерме сауда дүкендерінің саны өскен. Ал, Меруерт сол дүкендердің біріне иелік етеді. «Айгерім» атауымен елге таныс дүкен он жылдан бері жұмыс жасап келеді. Әуелде мұғалімдік қызмет атқарған Меруерт келешегін кәсіпкерлікпен байланыстыруды көздейді. Жары Рүстем Абдырайымовпен ақылдаса келе әуелде шағын дүкен ашады. Аз уақытта өз тұтынушыларын тауып үлгерген сауда нысаны жыл өте көлемін ұлғайта түскен. Пайданың көзін тапқан ерлі-зайыптылар осы жылдар аралығында сауда-саттық саласын кеңінен меңгерген. Жақында Меруерт өзге кәсіпкерлердей дүкенін кеңейтуге бел байлап, мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан бағдарламалардың көмегіне жүгінді. Мәселенің мән-жайын анықтаған ол аудан әкімдігіне қарасты кәсіпкерлік және туризм бөліміне қайырылып, мамандардың кеңесімен «Даму» қорынан жеңілдетілген несие алады. Бұл несиенің ерекшелігі аз пайызы мен кепілсіздігі оларды қатты қызықтырады. Бүгінде алты пайызбен кепілсіз несие алған Меруерт өз кәсібін дөңгелетуде.
— Расында «Даму» қорының қолдауының арқасында кәсібімді дамытып келемін. Азық-түлік пен тауарларды енді молынан алып, ассортиментті кеңейттім. Бұрындары тек тапсырыс беріп, оны күтумен уақыт өтетін. Бүгінде осы қаржыны айналымға салып, тауарды өзім қалаған жерімнен алатын жағдайға жеттім, — дейді дүкен иесі.
Бұл қолдаудың шапағаты тұтынушыларға да тиіп жатқанын айта кеткен жөн. Өйткені бұрын азық-түлік тауарлары тапсырыс арқылы келетін болған соң бағалары да қымбатырақ болған. Ал, қазір тауарды өздері алып келетін болған соң, Меруерт азық-түлік бағаларын төмендеткен. Соның арқасында тұтынушылар саны да артып келеді. «Айгерім» дүкеніндегі бағаның төмендігін тұтынушылар жақсы біледі. Сауданы жақсы меңгерген Меруерт енді алдағы уақытта үлкен сауда үйін іске қосуды жоспарлап отыр. Красный партизаннан нысанның құрылысын да бастап кеткен. Ендігі іс тек қаржыға келіп тіреледі.
— Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаның көмегімен қомақты көлемде несие алып, осы құрылысты аяқтауды көздеп отырмын. Бұл банктің тағы бір ерекшелігі кәсіпті нөлден бастауға да жеткілікті қаржы бере алады, — дейді Меруерт Әбсәметова.
Меруерттей сауда маманы болғыңыз келсе, яғни кәсіптің кез келген түрімен шұғылданғыңыз келсе сізге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Тек аудан әкімдігіне қарасты кәсіпкерлік және туризм бөліміне қайырылсаңыз болғаны.
Мадияр Қарабаев