Медицинаның басқа салаларына қарағанда хирургияның салмағы ауыр. Хирург қан майданда алғы шепте тұрған жауынгер іспетті. Жауынгер Отан қорғау үшін күрессе, хирург сол жауынгердің өмірі үшін күреседі. Олар үшін әр күн – күрес, әр күн – жанталас…
17 жыл осы саланың қиын да күрделі жолынан сүрінбей келе жатқан мамандардың бірі, аудандық аурухананың хирург-дәрігері – Ибрагим Лаахунов. Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында дәрігермен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті.
Ибрагим Айдирович 1997 жылы Қырғыз Мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түсіп, 2003 жылы бакалаврды аяқтап, 2003-2005 жылдары аталмыш оқу орнының ординатурасында білім алады.
Осылайша, қолында «хирург» деген дипломы бар жас дәрігер Қордайға келіп, аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасады. «Гиппократ» антын қабылдаған жас маман сол уақыттан бері өз міндетін абыроймен атқарып, науқастарға көмек көрсетіп келеді. Кейіпкеріміз – отбасындағы жалғыз медик. Неге дәл осы мамандықты таңдадыңыз, деген сауалымызға «Жай ғана адамдарға көмектескім келді», деген жауап алдық.
– Хирургия – бұл менің таңдаған өмірлік бағытым. Хирург болу үшін табандылық, батылдық, кез-келген адаммен тіл табыса білу қабілеті қажет, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай алуыңыз маңызды. Бұл орысша айтқанда «призвание» дейді ғой, егер осы мамандықты таңдасаңыз жан-тәніңізбен беріліп істеуіңіз, науқасқа шын көңіліңізбен көмек көрсетуіңіз, емдеп, отасын жасап, аяққа тұрғызып шығаруыңыз қажет. Жұмыстың жеңілі жоқ, сондықтан осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін, — дейді дәрігер.
Хирургия – аудандық аурухананың жетекші бөлімдерінің бірі. Мұнда қордайлық хирургтар күрделі оталар жасамайды, тек грыжа, соқырішекті алу сынды кішігірім оталар жасайды. Ибрагим Айдировичтің айтуынша, қазіргі таңда науқастардың арасында жиі кездесетін патология – асқазан-ішек жолдарының аурулары екен.
«Дәрігерлік жолымның алғашқы кезеңінде ең қиынға соққаны тәжірибенің жоқтығы болды. Тәжірибе болмаса, әрине, қорқыныш пайда болады. Ал уақыт өте келе тәжірибе жинап, қай пациентпен қалай сөйлесу керектігін, қандай ем тағайындау қажеттігін нақты білесің. Бастысы алған бетіңнен қайтпай, біліміңді жетілдіріп отыруың қажет».
Күнделікті алдына келетін науқастарға ем-шаралар көрсетіп, аурухананың күйкі тірлігіне қарамастан Ибрагим Лаахунов әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Ер адамға тән сабырлық пен салмақтылықты серік еткен дәрігер: «Адамға үміт сыйлап, жүзінен қуаныш көру – менің жұмысымның ең жағымды жағы. Жаны қиналған пациентке көмек көрсету, ертеңгі күні ол сауығып шыққанда жақындарының қуанғаны, жүректен шыққан ізгі ниет-тілектері көңілге зор медет береді, бұл ешнәрсемен өлшенбейді»,-деп толғанады.
«Біз үшін әр күн, әр ота есте қаларлық. Отаны жеңіл, не ауыр деп бөлуге болмайды. Жасалған отаның барлығы ауыр, әрқайсысы маңызды. Ең алғаш жасаған отам – шап жарығына (паховая грыжа) жасалған ота болатын. Бұл 2003 жыл, ординатурада оқып жүрген кезім. Бірінші рет жасаған ота болғандықтан науқас үшін уайым, қобалжу болғаны рас. Бәрі сәтті аяқталып, ота жасатқан адам аяғына тік тұрып кеткеніне шын көңілден қуанғаным әлі есімде»,— деп естелігімен бөлісті.
«Ісіне қарап кісіні таны» демекші, біздің кейіпкеріміз көп сөзді емес, нағыз маман екендігін ісімен дәлелдеп жүрген азамат. Ол білікті дәрігер ғана емес, бес ұлды тәрбиелеп отырған ардақты әке. «Ұл бала анасына жақын болғанымен, рухани тұрғыда әкесіне жақын. Сондықтан әкенің баламен тығыз қарым-қатынас орнатқаны жөн. Бұл оның бойындағы ер балаға тән қасиеттерді дамытады. Ұл баланы ең бастысы өз ісіне деген жауапкершілікке үйрету керек деп ойлаймын. Бала кезінен жауапкершілікке, адамгершілікке тәрбиелеп, дұрыс іргетес қаласаңыз әрі қарай жеңіл болады. Сондай-ақ, керек кезде қаталдық таныту да артық етпейді. Жұбайым екеуміз кез-келген ата-ана секілді балаларымыздың денсаулығына, физикалық дамуына көп мән береміз. Үлкен ұлдарым қазір каратэмен айналысады»,-дейді бес баланың әкесі.
Иә, өз ісінің нағыз шебері бола білген дәрігер талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, жүздеріне қуаныш сыйлап келеді. Ал біз қолы жеңіл, ақ халатты абзал жанды алдағы кәсіби мерекесімен құттықтап, алғысқа бөлене беруін тілейміз.
Сәуле Мұхадинқызы